Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сот алдындағы соңғы сөзін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ату жазасына да келісетінін, алайда айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

“Біз «Алтын адам» артефактілерін сақтап, елге жеткіздік. Алайда ол ұрланып кеткен дүние секілді, жағымсыз сипат алып отыр. «Алтын адам» қазір ұлттық музейде тұр. Осындай әрекеттен кейін кім «Алтын адамның» көрмесін өткізгісі келеді? Ешқандай тарап проблемалық тарихы бар көрмені қабылдағысы келмейді”, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде.

Ол кез келген жазаны өтеуге дайын екендігін айтты, бірақ орынсыз айыптамауды сұрады.

“Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті атуға да, тек ақша ұрлады деп айып тақпаңыздар. Ар бәрінен қымбат. 60 жасыма дейін өмірдің қызығын да, шыжығын да таттым, бірақ лайықты өмір сүрдім”, – деді Мұхамедиұлы.

Айта кетсек, Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. 

Тергеу бір жылға созылды. Тергеу мәліметінше, біраз жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген шығыны шамамен 221 миллион теңгеден асады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!