Айдар Жақыпов Instagram парақшасында өз отбасының кибершабуылдың құрбаны болғанын мәлімдеді.

Белгісіз қаскүнем оның кішкентай қызының бөлмесіне орнатылған дыбыстық камераны қашықтан бұзып, үрейлі дыбыстар шығарып, баланы қорқыта бастаған.Әкесінің айтуынша, қыз қатты қорқып қалған.

“Үйдің кейбір бөлмелерінде дауысты таратуы бар Hikvision камералары орнатылған. Біз үйде болмаған кезде не болып жатқанын қашықтан көру үшін оларды балалардың бөлмесіне әдейі орнатқанбыз. Бүгін белгісіз біреу құрылғыны қашықтан бұзып, қорқынышты дауыстарды қосып, қызымды қорқыта бастаған. Қызым қатты үрейленіп қалыпты. Ізденіп оқи бастап едік, мына нәрсені білдік – бұл тақырыптың бәрі АҚШ-та басталып, кейін Ресейге жеткен, бәлкім мобилизациядан кейін біздің елімізге де келген секілді”, – деп жазады ол.

Азамат ата-аналарға Wi-Fi құпия сөздерін жиі өзгертуді, кем дегенде 16 таңбадан тұратын комбинацияларды құрастырып жазуды ұсынады.

“Егер хакерлер камераларыңызға қосылды деген күдік пайда болса, орындалуы тиіс бірнеше әрекет бар. Хакерлермен байланысты үзу үшін камераларды интернеттен ажыратыңыз. Маршрутизаторлар, Wi-Fi кіру нүктелері және т.б. секілді камераларға қосылған құрылғылардағы құпия сөздерді өзгертіңіз”, – деп кеңес береді Айдар Жақыпов.

Ол сондай-ақ құрылғылардағы зиянды бағдарламалар мен шабуылға төзімділігін тексеру үшін киберқауіпсіздік мамандарынан көмек сұрауды ұсынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!