Облыс әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен денсаулық сақтау саласындағы халықаралық тәжірибелерді үйрену және жұмыспен ұштастыру мақсатында орта буын медицина қызметкерлері мен алыс-жақын шетелдік оқу орындарының өкілдері қатысқан ғылыми конференция өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов конференция жұмысына сәттілік тілеп, шет елден келген қатысушыларға алғысын бiлдiрдi. Сонымен қатар іс-шараға арнайы келген Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышева салада атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Халықаралық коференцияда елiмiздегi медицина колледждерінің оқытушылары мен Латвия, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерiнен келген мамандар баяндама оқыды. Сондай-ақ, өзекті тенденцияларды талқылап, тәжірибе алмасты.

Осы жылы ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде оқу-зертханалық, симуляциялық кабинеттер жаңғыртылып, емдік шөптер өсірілетін жылыжай ашылды. Халықаралық шара қонақтарына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков виртуалды оқу кабинеті мен студенттердің тәжірибелік сабағын өткізу мақсатында ашылған жылыжай жұмысын таныстырды. Жылыжайға Іле Алатау бөктеріне жерсіндірілген шетел және Қазақстан флорасы өсiмдiктерінiң 60-тан астам үлгісі әкелінсе, 43 түрі тұқымнан себілген.

Айта кетейік, Қызылорда медициналық жоғары колледжі осы уақытқа дейін 30000-нан астам орта буын медицина мамандарын даярлаған.

Денсаулық сақтау саласына, оның ішінде кадр даярлау мен біліктілік жетілдіру бағытындағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын артып келеді. Атап айтсақ, соңғы 3 жылда медицина мамандарының білімін жетілдіруге облыстық бюджеттен 532 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 1543 қызметкер білім деңгейін көтерген. Одан бөлек, облыс әкімінің грантымен резиндентурада 167 маман оқуға түскен. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Маман даярлау мәселесіне арналған халықаралық конференция өтті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!