Адам баласы өмірден өзін тауып, өкінбей ғұмыр кешуі үшін екі нәрседен жаңылмау қажет деген сөзді айналадағы үлкендерден жиі естиміз. Біріншісі – мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау. Жаттанды сөз сияқты көрініп, аса мән бермегенімізбен, астарында салмақты ой жатыр. Балалықпен, бәлкім жастықпен жеңіл қабылдай саламыз. Алайда осы екі тарау өмір атты сапарыңда алға жетелеуі де, сан соқтыруы да мүмкін. Ол, әрине, әу баста жасаған таңдауыңа байланысты.
Соның ішінде мамандық таңдауға тоқталайық. Мектепті жаңа аяқтаған жас түлек, әрине, сүйікті мамандығын игеріп, өзін тұлға ретінде қалыптастыруды ойлайды. Абайша айтқанда «кірпіш дүниенің кетігін тауып қаланудың» жолына түседі. Өмірді үлкен бір ғимарат деп алатын болсақ сол ғимараттың әрбір кірпіші өз орнымен қаланбаса, заңдылық бұзылатыны белгілі. Сол сияқты өзінің жанына жайлы, жүрегіне ыстық, сүйікті мамандығымен айналыспайтын, өзін танымаған адам да айналасына, ұжымдастарына, тіпті, мемлекет болашағына зиянды. «Өз мамандығы» дегенде ойға бірден қолында дипломы бар маман келеді. Алайда өз мамандығы дегенім адамның өзіне, жан дүниесіне сай сүйікті ісі. Екеуінің арасы – жер мен көктей.
Академик Асқар Жұмаділдаев әлі күнге дейін мамандықты түлек емес, грант таңдайтынын айтады. Оның айтуынша, мамандық пен грант арасындағы «аламан бәйгеде» гранттың бәсі басым. Түлектің сол мамандыққа деген бейімі мен ынтасы екінші кезекте. Ал сол мамандық бойынша білім алған түлекті Аллаға аманаттаудан әрі аса алмаймыз. Жыл сайын гранттарға бөлінген миллиардтаған қаржы мен сандықта сарғайған диплом сол түсініктің құрбаны.
«ҰБТ-мен бірге «тегін оқу» деген ұғым санамызға орнықты. Ата-анасының жағдайына қарайлаған бала өзінің бейімі, жүрегінің қалауы емес, грант көбірек бөлінеді деген болжамға басымдық береді. Қазір ЖОО-ның екі бірдей дипломын сандыққа салып тастап, таксист болып жүргендер жетеді. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап біздің елде бұл мәселеге мән беріліп, зерттеліп, зерделеген жоқ. Ішкі на¬рық мамандық дайындауда ұсыныс пен сұранысты реттеп отыратын теңгермелі механизмнен көз жазып қалды. Әлі күнге дейін елімізде «Қандай мамандыққа қанша адам қажет? Жалпы, жоғары оқу орындары қандай мамандықтар бойынша оқытқан дұрыс?» деген мәселелерді талқылап, арнайы са¬раптамадан өткізіп, бақылап отыратын ар¬найы мекеме жоқ», – дейді Асқар Жұмаділдаев.
Иә, академик айтқандай әрбір тұлғаның бойында бұғып жатқан бір қабілет һәм қасиет бар. Оны тек ішкі дауыспен өзі ғана анықтай алады. Міне, сол таңдау – өзінікі. Өз ойы енді қалыптасып келе жатқан, ойы қатпаған ермексаздай икемге келіп иіліп тұрған жастарға жан жақтан: «Мұғалім бола сал, айлығы көп! Дәрігер бол, жұмыссыз қалмайсың! Суретшіні оқыған анау жүр ауылда жұмыссыз!» деген сөздер ішкі таңдауды айнытып жібереді. Өмір көріп үлгермеген жас қай ойға тұрақтарын білмей, басы қатады. Ата-анасы айтқан оқуға түсейін десе, өзіне ұнамайды. Өзі ұнатқан оқуға барайын десе, оған ешкім сенбейді. Оған ешкім сенбеген соң ақыры өзі де өзіне сенбей қалады. Содан кейін өзіне сенімсіз маман жұмысқа келеді. Өзі ұнатып істемеген жұмыс, әрине, өнбейді. «Мамандықпен» жұмыс істемейтін мамандар мен «Өз ісіне икемсіз» қызметкерлер осындайдан шығады.
Деректерге сүйенсек, елімізде әрбір төртінші адам өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Бұл көрсеткішті азайту үшін жастарға мамандық таңдаудың маңыздылығын сезіндіру керек. Мамандыққа тек ақша табу жолы ғана емес, қабілетіңді игеріп, ары қарай дамыта алатын құрал деп қарау керек. Жүрек қалауы бар жерде жеңіс те, жетістік те қатар жүрері хақ.
Інжу АҚЫЛБЕКҚЫЗЫ,
3 курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!