Педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша ең көп заңсыздықтарға жол берген білім беру бөлімдерін атап кетуді жөн көріп отырмыз.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дауренов дипломы мамандығына сәйкес келмейтін мұғалімдер туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сапаны қамтамасыз ету комитеті мен департаменттері аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің жұмысына ерекше назар аударады. Педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша ең көп заңсыздықтарға жол берген білім беру бөлімдерін атап кетуді жөн көріп отырмыз. Олар: Алматы облысының Қарасай ауданы, Түркістан облысының Түркістан қаласы мен Төле би ауданы, Қарағанды облысының Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданы, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Теректі ауданы, Жетісу облысының Талдықорған қаласы мен Алакөл ауданы, Қызылорда облысының Шиелі ауданы. Аталған аудандық, қалалық білім беру бөлімдеріне алдағы уақытта облыстық білім басқармаларының педагогтерді қабылдау ережелеріне байланысты семинарлар өтуі қажет деп есептейміз», – деді комитет басшысы.
Сондай-ақ, ол біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін тұлғаларды мектепке жұмысқа алу фактілері көп екенін атап өтті.
«Бұл жағдайлар көбінесе Алматы, Жетісу, Түркістан, Жамбыл облыстарында және Астана қаласында кездеседі. Мысалы, Астана қаласының мектептерінде педагог ретінде дипломдары біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін тұлғалар жұмыс істеген. Мехник мамандығы бар адам математикадан сабақ берген, дизайнер мамандығы бар маман көркем өнер пәнінен сабақ берген. Ал математика пәнінен жұмыс іздеушілер ол кезде болған. Аталған мектеп басшыларына тәртіптік жаза қабылданды», – деді Ернұр Дауренов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!