2027 жылға қарай елімізде кемінде 1,2 млн оқушы орны ашылуы тиіс. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында осындай міндет қойылып отыр. Мектептерді салу, жөндеу және жабдықтауға қатысты осы және өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атап өткендей, сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы.
Жалпы, осы жылы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 137,7 мың орынға арналған 165 мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 78,5 мың оқушы орнына лайықталған 77 мектеп пайдалануға берілді. Биыл мектептердің құрылысына шамамен 164 млрд теңге бөлінген. Алайда, 7 айдың қорытындысы бойынша 2023 жылы қаражатты игеру көрсеткіші тек 37%-ы құрап отыр.
Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, жалпы білім беретін мектептерді салу және жөндеу қарқыны әлі де көңіл көншітпейді. Биыл мектеп мүлдем салынбаған өңірлер де бар. Атап айтқанда, осы жылы 3 мектептен салынуы тиіс Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және 2 мектептен салынуы тиіс Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында бірде-бір мектеп бой көтермеген. Сол сияқты Қарағанды облыстарында да бір мектеп салынуы керек еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!