Фото: aif.by
Оқу-ағарту министрлігінде білім беру ұйымдарында ақшалай қаражат жинаудың заңсыз екені жайлы тағы да ескертті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарының екі мыңнан астам басшыларының, аумақтық департаменттер өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
«Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бақылау іс-шараларын ұйымдастыру, өзін-өзі бағалау бойынша жан-жақты түсініктемелер алды. Білім беру ұйымдарының аумағында әртүрлі сылтаулармен заңсыз ақша жинаудың алдын алу мәселелеріне, сондай-ақ ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы шеңберінде педагогтардың кәсіби қызметіне байланысты бұзушылықтарға ерекше назар аударылды», – деді министрлікте.
Айта кетейік, педагогтарды кәсіби қызметіне сәйкес келмейтін жұмыстарға тартуға, сондай-ақ оларға тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге тыйым салынады. Осы нормаларды бұзу қолданыстағы заңнама шеңберінде жауаптылыққа алып келеді.
«Білім беру процесінің әрбір қатысушысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал ете отырып, адалдық пен әділеттіліктің үлгісін көрсетуі тиіс. Осы қағидаттарды мүлтіксіз сақтаудың маңыздылығына назар аударамыз және педагогтарды, білім беру ұйымдарының басшыларын сыбайлас жемқорлық бұзушылықтардың кез келген жағдайлары туралы хабарлауға шақырамыз», – деді комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.
Ақша қаражатын заңсыз жинау фактілері немесе басқа да сыбайлас жемқорлық көріністері анықталған кезде аумақтық департаменттерге немесе ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне +7 (7172) 74-23-92 нөмірі бойынша дереу хабарлау ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, білім беруге бөлінген қаражатты жымқырудың жолын кесу мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп «Жол картасын» іске асырып жатыр. Нәтижесінде, мемлекет қазынасына тиісінше жұмсалмаған 15 миллиард теңге қайтарылды. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту жөніндегі жұмыс жалғасын табады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!