Жетісу облысында 2022-2023 оқу жылының барысында өңірдің білім беру мекемелеріне колледж және ЖОО түлектері қатарынан 308 жас маман жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ал алдағы жаңа оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінген білім беру гранттары аясында оқуын аяқтайтын 202 түлекті жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғалия Мұхметова брифинг кезінде айтты, деп мәлімдеді Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінен. Дегенмен өңір мектептеріне математика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия пәнінің мұғалімдері әлі де қажет.

Педагог кадрларға қажеттілік мәселесін шешу мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары тағайындалып жатыр.

«Биыл 2022-2023 оқу жылын 6545 түлек аяқтаса, соның 5 170-і Ұлттық біріңғай тест тапсырған. Түлектерге Жетісу облысы әкімінің 100 гранты тағайындалды. Оның 60-ы әлеуметтік әлжуаз санаттан шыққан түлектерге, 40-ы жалпы конкурс бойынша бөлінеді. Басымдылыққа әдеттегідей білім, медицина, ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар ие», – дейді облыстық білім басқармасының әдіскері Гүлмира Ахметова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!