«4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер» күні қарсаңында Жастар орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер — ұлт мақтанышы» атты патриоттық шарасы өтті.

Жастардың бойында патриоттық тәрбиені сіңіріп, отансүйгіштікке баулу, ұлттық нақыштарды дәріптеп, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шара Мемлекеттік Тудың ортаға келу рәсімімен басталды. «Жас сарбаз» жастар мен жасөспірімдер ұйымының тәрбиеленушілері саптық шеру жасап, шара қатысушылары мемлекеттік әнұранды бірге орындады.

Шараға арнайы қатысқан қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов жалынды жастарды, кеш қонақтарын айтулы мерекемен құттықтап, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Жиында сөз алған кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ансат Исатай жас кәсіпкерлердің бастамасына қолдау білдіріп, жұмысын жандандыруға бағыт-бағдар берді. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға шақырыр, қолдау білдіретінін жеткізді.

Жергілікті жас кәсіпкерлер өздері қолдан жасаған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын көрермен назарына ұсынып, оң бағасын алды.

Мемлекеттік рәміздер - ұлт мақтанышы

Патриоттық шараға бірқатар басқарма басшылары, қоғам белсенділері, азаматтық қоғам өкілдері мен жалынды жастар қатысып, мазмұнды шараның мәнін айшықтай түсті. Шараға арнайы қатысқан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Айтбайұлы кәсібін енді бастаған жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, кәсіп бастауға арналған субсидия мен жеңілдетілген несие, мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға тоқталып өтті.

Сонымен қатар шараға қонақ болған Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Қаламқас Каримова, облыстық маслихат депутаты, «Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» ҮЕҰ-ның төрайымы Райкүл Байназарова, Қызылорда облысының және «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Абуов және бірқатар қоғам белсенділері жас кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, қазақы құндылықтарды, ұлттық нақыштарды дәріптеп жүрген жастарға жұмыстарының жандана беруін тіледі.

Шара барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ардагері Ғани Байменов бейбіт заман мен жарқын болашақта, елдік пен еркіндікте өмір сүріп жатқан жастарға ақ батасын беріп, барлық бастамалардың оң болуын тіледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!