Сенат депутаты Бекболат Орынбеков мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесін жасау қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенатор премьер-министрге жолдаған сауалында мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалар туралы айтты.

Депутаттың пікірінше, мемлекеттік сатып алу кезінде ең төменгі баға емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болуы тиіс. Оның айтуынша, қаржыны үнемдеу үшін заңға енгізілген жүйелі өзгерістерге байланысты тапсырыс берушілер де, жеткізушілер де жаппай шектеулерге тап болуда. 

«Бұрын заңда «бір көзден» сатып алу туралы норма болған, яғни біртекті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді 100 АЕК-қа дейін сатып алу туралы болды, қазір бұл норма жойылды. Осы норманы қайтарып, тапсырыс берушілерге қысқа мерзімде сапалы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді», – деді сенатор.

Сенатор өз сауалында мемлекет меншігіне өткен табиғи монополиялар субъектілеріне де тоқталды.

«Мұндай кәсіпорындар мемлекет меншігіне оралғаннан кейін, біздің заңнама сатып алуды табиғи монополиялар субъектілерінің ережелері бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді және мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша жүргізеді. Осылайша, жекелеген субъектілерге табиғи монополиялар ережелері бойынша сатып алуды жүзеге асыруға тыйым салынады, бұл олардың құқықтарын шектеп жатыр. Бұл мәселені шешу үшін тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», – деді Орынбеков.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!