Елімізде мемлекеттік қызметшілерді негізгі міндеті мен шамадан тыс жұмсаудың жауапкершілігі бұрыннан бар. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметшіні нормадан тыс жұмсау жағдайындағы жауапкершілік жаңашылдық емес. Бұрыннан бар. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің артық жұмыс істеуі бойынша мониторинг жүргізу біздің агенттіктің құзыретіне берілген. Егер мониторинг аясында артық жұмсау фактісі тіркелсе, ол бойынша тексеріс жүреді. Оның нәтижесінде факті расталса, әрине жауапкершілік қарастырылған», – деді Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, кінәліні бірден жауапқа тартпай, ескерту жасалуы да мүмкін. Ол жағы болған фактіге байланысты.

«Лауазымды тұлға болса, оған 40 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде (шашамен 138 мың теңге) айыппұл қарастырылған. Жалпы, соңғы уақытта мемлекеттік қызметшілердің қалың ортада оң имиджін қалыптастыру және жастар арасында тартымдылығын қамтамасыз етуде қажетті шаралар қабылданып жатыр деп есептеймін. Аталған проблема бұрыннан келе жатыр. Біз оны жаңа заң жобасы аясында шешуге тырыстық», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!