Бірінші байлық — денсаулық. Дана халқымыз осы бір толғақты сөзге қаншама түйінді, мән-мағынаны жасырып қойған десеңші. Жер-әлемнің бар байлығына иелік етсең де, жаның мен тәнің сау болмаса, одан түк келіп кетер пайда жоқ. Осыдан кеп денсаулық дейтін қымбат дүниенің қасиетін ұғынамыз. Шығармашылықтың айналасында жүрген ақынжандыларды «адам жанының шипагері» дейміз. Ал тәніміздің аман-саулығы тікелей дәрігерлерге байланысты. Жақында 21 маусым – медицина қызметкерлерінің күні. Ақ халатты абзал жандардың асыға күтетін мерекесі бұл. Санамызға сіңіп қалған «абзал жан» сөзінің өзін қаншама мамандықтың ішінде тек дәрігерлерге ғана айтамыз. Мұның өзі олардың құрметі мен алар орнын айқындап тұр емес пе?
Асыл дінімізде «өзіңе қызмет қылғанды сыйла, сені сыйлағанды төбеңе көтер»дейтін даналы дүние бар. Осы сөздің өзі дәрігерлердің біздің өмірімізде алар орны мен қадірін айқын сезіндіреді, үнсіз ұғындырады.
Өмір мен өлімнің арасы бір ғана қадам. Кез келген сәтте жанымыз үзіліп, бақи болып кетуіміз мүмкін. Бірақ дәрігерлер әрбіріміздің өміріміз үшін күреседі. Өзгенің өмірін өз мойнына алады. 10 жылға жуық уақыт адам ағзасын зерттеп, оны қалай емдейтінін оқитын абзал жандар оқуын аяқтаған кезде Гиппократқа ант береді. Яғни сол сәттен бастап, қарапайым ғана жанашырлық пен көмек деген нәрсені жанына жалау етіп, өмірін осымен байланыстырады. Қазір медицинаны оқып, мәртебелі маман боламын дейтіндер жетерлік. Бірақ, өз саласының шын жанашыр тұлғасына айналу қиын дүние.
Осы тұста жалағаштық Қазына Құснидинқызының еңбегі мен ерекшелігін атап өтпесек, болмас. Өмірін түгелімен емханаға арнаған ол медбике болып талай жыл еңбек етті. Көзін көргендер оның мамандығына берілгенінен бөлек, адамгершілігін, жанашыр жан екенін айтып, әлі күнге дейін есіміне құрмет танытады. Бүгінде бұл өмірде болмаса да, Қазына Құснидинқызы туралы тек жылы естеліктер ғана айтылады. Марқұмның қызы Гүлжанат Басанова ақ халатты абзал жанның айқын естеліктерін былайша жазып, еске алады.
– Мен ес білгелі анам адамдарға жақсылық жасаумен келеді. Дәрігермен қатар жүріп, өзіне міндеттелген жұмысын адал атқара білді. Бұл абзал мамандық иелерінің денсаулық саласында көтерер жүгі мен атқарар қызметі шаш-етектен екенін түсінді. Бүкіл саналы ғұмырын ауданның денсаулық сақтау саласына арнаған ол әріптестерімен тек қана сыйластықта, ауызбіршілікте болды. Аналық ақылын айтып отырды. Шыбын жанын шүберекке түйіп, дертіне дауа іздеп алдына келген адамға жанашырлық танытып, аялы алақанымен науқас жанға жылу сыйлайтын. Қиналып келген жанға тіпті үйден де ем-дом жасайтын. Әрбір науқастың көңілін аулап, шыдамдылық таныту, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу оның ерекше қасиеттерінің бірі ғана еді,– дейді ол.
Өмірге адам болып келу оңай, бірақ адам болып қалу қиын. Қанша бай болайық, қанша бақуатты болайық, қандай қызмет істесек те, адамгершілік деген дүниенің айналасынан алыстамауымыз керек. Қазына Құснидинқызының өмірде жиған бірінші жетістігі сол, адамгершілікті биік қойғанында. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бүгінде барша жасқа өнеге болатын тұлғаның өмірі сіз бен бізге ғана емес, күллі ұрпаққа үлгі деп білеміз.
Замира Қонысжан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!