Ол 2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың қарашасына дейін басшылық лауазымды атқара отырып, 6 мүгедектен бірнеше рет жалпы сомасы 800 000 теңге пара алған.

Ақтөбеде мүгедектікке сараптама жасағаны үшін жүйелі түрде пара алу ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тергеу және сот талқылаулары барысында анықталғандай, ол 2021 жылдың қазанынан 2022 жылдың қарашасына дейін басшылық лауазымды атқара отырып, 6 мүгедектен жалпы сомасы 800 000 теңгеге бірнеше рет пара алған.

Ол бұл ақшаны медициналық-әлеуметтік сараптаманы кедергісіз жүргізу және әртүрлі топтардың мүгедектігін белгілеу үшін талап еткен.

Сонымен қатар, оның мүгедектікті негізсіз белгілегені үшін делдал арқылы 250 мың теңге көлемінде пара алғаны дәлелденді. Делдалдық қызметті дәрігер-сарапшы атқарған. Сот барысында шенеунік пен дәрігер өз кінәсін мойындады.

«Сот үкімімен аталған адамдар пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, бөлімнің бұрынғы басшысына параның 35 еселенген сомасы, яғни 36 750 000 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Ал делдалдығы үшін дәрігерге параның 10 еселенген сомасы, яғни 2 500 000 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды»,-деп хабарлады сот.

Сотталғандардың екеуіне де белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!