Бүгінгі күні күні елімізде орта мектептерде 500 мыңнан аса мұғалім жұмыс істейді. Десе де мұғалім тапшылығы білім беру ұйымдарында әлі де сезіледі. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда 5 400-ге жуық мұғалім тапшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі күні елімізде қанша мұғалім тапшы? Мұғалім жұмысқа орналасуы үшін не істеуі керек? Конкурсқа кімдер қатыса алады? Бұл сұрақтарға Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің Педагогтермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Датбек Шахидулла жауап берді.

Елімізге қанша мұғалім қажет?

Елімізде орта білім беру бойынша барлығы 500 мыңнан аса педагог бар. Аймақтардағы мұғалім тапшылығы мәліметтеріне сүйенетін болсақ, қазіргі таңда ол екіге бөлінеді – ауылдық және қалалық өңірлер. Мұғалімдер тапшылығы көбінесе ауылдық жерлерде сезіліп жатады. Нақтырақ айтқанда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары. Осы өңірлерде мұғалім тапшылығы басқа өңірлерге қарағанда көбірек сезіледі. Ал қалалық жерлерде пән бойынша сұранысқа ие мұғалімдер – информатика, математика, физика, ағылшын тілі мұғалімі, – деді Датбек Маратұлы.

Қазіргі таңда 11 тамызға дейін 5 394 педагог тапшы. Оның ішінде қалалық 2 487, ал ауылдық жерлерде 2 907.

Елімізде мына пәндердің мұғалімдері тапшы:

– ағылшын тілі – 408

– биология – 135

– география – 181

– басқа шет тілі, яғни неміс, француз тілдері – 4

– информатика – 315

– тарих және құқық негіздері – 268

– қазақ тілі және әдебиеті – 129

– математика – 1 096

– музыка – 246

– бастауыш сынып – 715

– алғашқы әскери дайындық – 86

– өзбек, ұйғыр, тәжік тілдері – 3

– орыс тілі мен әдебиеті – 665

– физика – 426

– дене шынықтыру – 57

– химия – 369

– еңбекке баулу – 208

– басқа пәндер – 78 мұғалім.

Мемлекеттік жалпы білім беру ұйымдарында педагогтердің бос және уақытша бос лауазымдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бос және уақытша бос лауазымдарға конкурстар білім беру ұйымдарының ақпараттық порталдарында және enbek.kz сайтында жарияланады. Бұл жұмыстың барлығы электронды түрде жүргізіледі.

Конкурсқа кімдер қатыса алады?

Конкурсқа педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін, сонымен бірге №57 бұйрықтың 118-тармағына сәйкес көрсетілген тізбедегі құжаттарды ұсынған педагогтер қатыса алады, – деп түсіндірді Педагогтермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Датбек Шахидулла.

Сарапшының айтуынша, жоғары оқу орындарын бітірген түлектерге жұмысқа орналасу үшін ереженің 118-тармақшасына сәйкес құжаттар тізбесі көрсетіледі. Тоғызыншы тізбеде педагогтің білімін бағалау деген бар. Яғни түлек алғаш рет педагогикалық қызметті жүзеге асыруы, яғни мұғалім болып жұмысқа тұруы үшін педагогикалық білімін растау мақсатында тест тапсырады. Тест нәтижесі оң болған жағдайда конкурсқа қатысып, жұмысқа орналаса алады.

Сонымен қатар «Оқуды жаңа бітірген түлектер біліктілік тестін қанша рет тапсыра алады? Оларға қанша балл жинау керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Университет түлегі өзінің пәні бойынша 30 сұрақтың кем дегенде жартысына дұрыс жауап беріп, 50% алуы керек. Мысалы, түлек физика пәнін бітірген болса, онда берілген 30 сұрақтың кемінде 15-ін жинауы керек. Сонымен қатар педагогикалық әдістемеден 20 сұрақ беріледі, одан 10 балл жинау талап етіледі. Яғни осы берілген екі блоктан да кем дегенде 50 пайыздан жинаған кезде түлектің нәтижесі оң болып есептеледі, – дейді ол.

Педагогтердің аттестациядан өту ережесіне сәйкес педагогтер біліктілік тестін жылына екі рет тапсыра алады. Ал оқу орнын енді бітірген түлектер бұл тестті шексіз тапсыруға мүмкіндігі бар. Яғни олар шекті балды жинағанша, тестті бірнеше рет тапсырса болады.

Егер мұғалім бір мектептен екінші мектепке ауысатын болса, ҰБТ тапсыра ма?

№57 бұйрықтың 118-тармағына сәйкес педагогтің білімін бағалаудағы тестілеу нәтижесінсіз қатыса береді. Егер мұғалім педагогикалық қызметті атқарып жүрген болса, онда тест тапсыру міндеттелмейді. Онымен қоса, кезінде педагогикалық білімі бойынша ЖОО-ны бітірген, бірақ мұғалім болып жұмыс істемеген азаматтарымыз бар делік. Арада 5 жыл, 10 жыл өтуі мүмкін. Егер олар қайтадан педагогикалық қызметпен айналысқысы келсе, онда оларға тест тапсыру міндеттеледі, – деп айтты Датбек Шахидулла.

Аттестациядан өту жұмысы қалай жүргізіліп жатыр?

Аттестация мәселесі Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №533 ережесіне сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда министрдің 5 шілдедегі берген бұйрығына сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Биылдың 21-28 тамыз аралығында педагогтердің білімін бағалау рәсімі жүргізіледі. Қазір оған өтініштер беру басталды. Бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аттестаттау рәсімі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ол туралы жұмыс тобы құрылған болатын, – дейді ведомствоның бас сарапшысы.

Датбек Шахидулла әртүрлі саладағы мамандар аттестаттау рәсіміне бұйрықтарды енгізуге белсене қатысқанын атап өтті. Енді өзгертілген бұйрық келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енгізіледі.

Қазіргі таңда аттестациядан өту №533 бұйрық бойынша жүзеге асырылып жатыр.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның 15-тармағына сәйкес педагогтер 5 жылда бір рет аттестациядан өтуге міндетті.

Ал егер мұғалім мерзімінен бұрын тапсырғысы келсе, ол алған санат уақытынан бастап екі жылдан кейін тапсыра алады.

2018 жылдан бастап педагогтердің жаңартылған санаттары өзгертілген болатын. Атап айтатын болсақ, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және педагог-шебер. Үкіметтің №11-93 қаулысына сәйкес педагог-модераторға айлығына 30%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-зерттеушіге 40% және педагог-шеберге 50% үстемақы қосылады, – деп атап өтті сарапшы.

«Еңбек өтілі талап етілмейді»

№57 бұйрыққа сәйкес бағалау парағы болады. Бағалау парағында педагогтердің еңбек өтілі туралы сұралмайды. Ол жерде педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімі әділетті болуы үшін «педагогикалық өтілді» алып тастаған. Неге? Өйткені логикалық тұрғыда қарасақ, 15 жылдық өтілі бар педагог пен оқуды енді бітірген түлек болса, кез келген білім беру ұйымының басшысы еңбек өтілі бар адамды алады. Осындай олқылықтар болмас үшін педагогтердің өтілін алып тастаған болатын. Оны талап етуге де ешкімнің құқығы жоқ, – дейді Датбек Маратұлы.

Конкурс өткізу рәсімі онлайн және офлайн түрде болады.

Сонымен қатар №57 бұйрыққа сәйкес мұғалімге 24 сағаттан артық берілмейді. Яғни ол 1,5 ставка.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!