Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова «Пацанские истории» фильмін кинотеатрларда көрсетуге рұқсат берген мекемелерді жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат ұлттық құндылықтарды аяқасты еткен фильмдердің мәселесін қозғады.

«Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал балағаттау насихатқа айналды. Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын көрдік. Олар енді толықметражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Соның бір көрінісі дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан “Пацанская история” фильмі», – дейді Тәжмағамбетова бас прокурор Берік Асылов пен мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, 18+, 21+ жас санатына арналған фильмдерге ешқандай шектеу жоқ, бірақ олар біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологияға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатыр. «ҚР кинематография туралы» заңның 8-бабы 3-тармағында «Қазақстан аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда кешкі сағат 22:00-ден кейін таңғы 06:00-ге дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген.

«Ал бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе-көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін мәдениет министрлігі бұған не дейді?», – деп ашуланды мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, дамитын елде мәдениет қоғамдағы былықтың айнасы емес, ұлт руханиятына қызмет ететін құндылық болуға тиіс.

Осыған байланысты Тәжмағамбетова аталған фильмді кинотеатрларда көрсету барысында заң талаптарының бұзылуына жол берген тиісті мекемелерді прокуратура тарапынан тексеріп, тез арада жауапқа тартуды ұсынды.
Сонымен қатар, мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет. Тиісті министрлік прокат куәлігін берерде қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейтуге тиіс.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі жарияланымдарға, театрға және басқа да қоғамдық орындарда көпшілік қауымға арналған қойылымдарға сахна әдебіне қатысты заң талаптары күшейтілуі керек.

#кино#депутат#прокат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!