Қыз баланы қазақтай сыйлап, мәртебесін көтеретін халық кемде-кем. Шаңырақта ұл баланың арқасынан қағады, қыз баланың басынан сипайды. Сондағысы, ұлдың арқасынан қаққаны – еңсесін тіктеп жүрсін дегені. Қыздың басынан сипағаны – қыздың жатжұрттық екені, ата-анасы мен бауырларынан мейірімге қанып алсын дегені. Осындай ұлы даланың терең мағыналы пәлсапасын санаға сіңірген қазақ қыз баланы қашан да төрге шығарған. Өйткені, ұл – үй иесі, қыз – қонақ.

Әйел тыныш болса, әлем тыныш. «Әйелін сыйлаған, үйін сыйлаған, елін де сыйлай біледі» деген дана қазақ ана деген асыл ұғымды ең қымбатына бағалаған. Ананың берген тәлімімен ұлт түзу жолға ұйысады. Қазақ тарихында анадай аяулы асыл жанның мәні мен маңызына тоқталған талай оқиға бар емес пе еді?! Әрісі Айша Бибі, Бегім аналардан басталған сүрлеу беріде Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зере әжеміздей тектілікті сақтаған асылдарымызды санада жаттап келеміз.

Аналар туралы сөз бастағанда есіме Табылды ақынның
«Біздің қырда төбешіктей аналар,
Дүниеге таудай ұлдар әкелген», – деген ән жолдары келеді. «Алып анадан туады» деген қазақтың қастерлі ұғымына тағы маңыз сыйлағандай осы сөз. Әйелге ана, балаға дана деп қарайтын қазекемнің даналығының бір ұшы осында жатыр.

Қазақ тарихындағы батыр қыздарды айтқанда, ең әуелі Кир патшаның басын алған әйгілі Томирис ойға оралады. Тұмар қыз біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген. Сақ дәуірінде патшалық құрған Зарина ханшайымның өзі бір тарих. Атақты Бұланбай батырдың жары Айбике, хан Абылайдың ұрпағы, Қасымның қызы, Кенесарының қарындасы Бопайды білмеу тіпті ұят. Малайсары батырдың қарындасы Гауһар да осал болмаған. Қабанбай батырдың қызы Назым батырдың да жөні бөлек. Найманның батыры Жәнделі туралы қалай айтпайсың?! Шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк, әуеде ұшақпен жаудың бетін талай қайтарған Хиуаз Доспанова, желтоқсан құрбандары Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Гүлнәр Қонақбаева мен Мархаба Ыбырайымова – қазақ қыздарының қайсарлығының айқын көрінісі.

Осылай елін де қорғаған қазақ қыздары «үйдің ұлығы – ер, ұйытқысы – әйел» деген ұстанымның да ұстыны. «Әйел – үйдің берекесі» деген қазақ әйелді ұлтты тәрбиелейтін тұлға ретінде де қараған.

Баланың жақсы болуы да, жаман болуы да ананың ақылынан қалыптасады. Өйткені, әке – балаға әрекетімен үлгі. Соған қарап бой түзейді. Бірақ әрбір әрекетті ананың ақылымен жүзеге асырады. Әрбір отбасындағы «тамақты әкең бастасын», «әкеңнен сұран», «әкеңе айтамын» деген сөз тіркестері жай сөз емес, ана ақылынан туған тәрбиелік бағыт.

Әкемнің жарқын бейнесі менің есімде еміс-еміс қана бар. Өйткені ол көзі тірісінде үнемі тірлік қамымен жүретін. Ауылда өстік. Елдегі қиын кезеңдерде ол отын шауып, шөп тасып үйді асырады, елге жәрдем берді. Солай жүріп, өмірден қырықтан енді асқан шағында ерте кетті. Сол кезеңде кәмелетке енді толған екі үлкен мен мектеп жасындағы екі кіші – барлығы төрт баланы жанына алып, анам әке орнына әке, ана орнына ана болып қала берді. Жұмыстың ешбірінен намыстанған жоқ. Қыстың қытымыр аязында қолын суық суға малып, еден жуды. Осылай барлығымызды оқытты, үйлендірді, ұзатты, үй қылды. Анамның осындай ерлігін қарап, қазақ әйелінің жаны темірден жаралған ба деп қалатынмын. Иә, әкенің әрекетін үлгі еттік, ананың тәлімін алдық. Одан жаман болып жүргеніміз жоқ.

Кейде анамның ақ шалған самайын тағдырдың салған жолындай көремін. Сол жолдың бойында біздің балалығымыз да, шалалығымыз да бар. Өмірдің де соққысы жетіп жатыр. Нардың жүгін арқалаған анамның бойындағы сабыр мен төзім, бейнеттен қашпайтын еңбекқорлық болмысқа тәнті боламын. Қазақ аналарының әрбірі осындай батыл, қайратты, қайсар ғой. Әйтпегенде, олар батыр тумас еді…

Бала күнімде анамның тілін алмай, тентектік қылғанымда шешем маған «кешірім сұрамай, үйге кірмейсің» деп тіке айтты. Иә, отбасында алтын бала болып, айтқанымның бәрі болатын кез еді. Кенже болмасам да, ұлдың кішісі болған соң, сондай дағдым бар болатын. Сол күні алғашқы рет кешірім сұрадым. Анам маған істеген ісім үшін жауап беруді үйретті. Ол тек тәлім сабағы болатын. Шын мәнінде анам мені әлдеқашан кешіріп қойғанын сездім.

Әйел – әлемді тал бесікте тербеткен даналық иесі. Жоғарыда атап өткендей, ұлылықтың да, батырлықтың да, батылдықтың да, отбасының берекесінің де символы. Бейбіт күнде аяулы жар, асыл ана, ел басына күн туса ерлермен бірге иық теңестіре Отан қорғайтын қайсар рухты батырлар. Ендеше, әу бастағы тақырыптағы «Мықтымын десең егер де…» деген Жүрсін Ерманның өлеңінің жалғасы «Әйелге барып дәлелде» дегеннен тұратынын өзіңіз де білесіз, қадірлі оқырман! Мереке құтты болсын, арулар, асыл жандар!

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!