Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов және Наурызбай Байқадамовпен бірге аса көрнекті саяси қайраткер Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған «Наршоқыға» қойылған ескерткіш-белгіні көрді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мұстафа Шоқай «Сұлутөбе» теміржол стансасынан он бес шақырым жердегі «Наршоқы» мекенінде 1890 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келген.

Өткен жылдың 16 қарашасында ұрпақтарының ұйытқы болуымен осы жерге ескерткіш-белгі қойылды.

Мұстафа Шоқай – ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі, саналы ғұмырын түркі халықтарының азаттығы жолында арпалыспен өткізген. Қайраткердің есімі туған жерінде ұлықталып келеді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанында «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығы бар.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде арнайы экспозициялық бұрыш жасақталып, қоладан құйылған шағын бюсті қойылған.

Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасы Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық- музыкалық драма театрында сахналануда.

Бүгінгі күні облыста 2 мектепке, 14 көшеге есімі берілген, 2 ескерткіші, 2 бюсті орнатылған.

Аймақтың мәдениет және руханият саласындағы ауқымды жұмыстар мен тың жобалардың ішінде Алаш қайраткерлерінің мұрасын, тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызын өскелең ұрпаққа түсіндіру туралы бастамалар бар. Аймақ басшысы ескерткіш-белгіні күтіп ұстауға, тазалық жұмыстарын уақытылы жүргізуге қатысты тапсырмалар жүктеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!