KAZINFORM – Әрбір ұлттың тарихи өткені мен мәдениеті – оның болашағына негіз қалаушы маңызды факторлар. Қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрі – ұлттың рухани байлығының негізі екені сөзсіз. 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні еліміздің ұлттық мұрасына деген құрметімізді арттырып, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айқындайды.
Ұлттық салт-дәстүрлер – халықтың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесін, дүниетанымын, рухани құндылықтарын, сондай-ақ біртұтас халық ретінде қалыптасу жолында пайда болған әлеуметтік және моральдық нормаларды білдіреді. Олар ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалды және сол арқылы халықтың ұжымдық бірлігін сақтап, қоғамның моральдық-этикалық кодын нығайтты.
Ұлттық салт-дәстүрлердің ең терең маңызы – олар ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттың өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Әрбір дәстүр, салт, рәсім ұлттың тарихы мен мәдениетін көрсетіп, келешек ұрпаққа сабақ боларлық құндылықтарды ұсынады. Мысалы, қазақ халқының дәстүрлерінде қонақжайлылық, үлкенді сыйлау, тәлім-тәрбие мәселелеріне ерекше мән беріледі, бұл әлеуметтік тұрақтылық пен адамдар арасындағы сыйластықты сақтауға ықпал етеді.
Қазіргі қазақ қоғамында өзінің ұлттық салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға қажеттілік сезініп отыр. Әсіресе, бүгінгі қоғамның жетілуімен қатар, жастардың бойында ұлттық құндылықтарды сақтау және қадірлеу маңызды болып тұр. Уақыт өткен сайын кейбір салт-дәстүрлеріміздің қоғамдағы құндылығы артып келеді. Мәселен:
Қонақжайлылық – өзектілігін жоғалтпаған салт. Қонаққа сый-сияпат жасау, бір-біріне деген құрмет көрсету – әр қазақтың өміріндегі маңызды сәттердің бірі. Ол адамдар арасында достық пен сыйластықты арттырып, қоғамдағы ұқыптылықты қалыптастырады.
Отбасылық құндылықтар – аса маңызды институт нысаны. Ұлттық дәстүрлерде отбасы зор орын алады: ата-ананың балаларына деген сүйіспеншілігі, үлкендерді құрметтеу, тәрбие мәселесі. Бұл салттар қазіргі уақытта да өзекті, себебі отбасы – қоғамның негізі.
Ата-баба рухына тағзым ету – қазақ қоғамында сақталған салттың бірі. Ол халықтың тарихына деген құрметті арттырып, ата-баба жолын, ерлігін жастарға ұғындыруға көмектеседі.
Той-мереке өткізу – халықтың мәдениетін сақтап қана қоймай, оның әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқаратын салт. Мысалы, Наурыз мейрамы сияқты ұлттық мерекелердің өткізілуі, әрбір ұлттың мәдени бірегейлігін қалыптастыруға және қоғамды біріктіруге көмектеседі.

Наурыз мейрамының діни сенімге келтіретін еш зияны жоқ. Ұлт дәстүріне қатысты мереке. Ескі замандарда өмір сүрген түрік текті халықтардың табиғат және жаратылыс тануына, өз өмірлеріндегі тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарына байланысты Ислам дініне кіруден бұрын барлыққа келген «Салт пен дәстүрді» насихаттайтын ұлы мерекесі. Бұл мерекеге атүсті қарауға болмайды. Бір ұлтқа тән мереке-мейрам сол ұлттың тарихын, тұтас салт-санасын, әдет ғұрпын, тарихи дүниетанымын, өнері мен өміріне қатысты мәдениетін ашып көрсететін керемет орай. Басқа ұлт пен ұлыстардың қарым-қатынасын жақсартатын мереке. Ұмыт болған дәстүрін қайта жаңғыртатын мереке. Сондықтан Наурыз мерекесін Қазақстан халқы ең зор мемлекеттік мереке ретінде заң жүзінде бекіті, жыл сайын атап өтіп келеді. Бұл – қуантатын жағдай, – дейді этнограф-ғалым Болат Бопайұлы.
Тарихи мұраны қайта жаңғырту мен жандандырудағы негізгі бағыттардың бірі – білім беру жүйесін жаңғырту мен ұлттық мәдениетті мектептер мен жоғары оқу орындарында кеңінен енгізу. Ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихты жастарға ұғындыруда маңызды рөл атқаратын білім беру бағдарламалары мен курстарын енгізу қажет. Мұның арқасында жастар өздерінің мәдени мұрасына құрметпен қарап, оны болашақ ұрпаққа жеткізу міндетін түсінетін болады. Сондай-ақ, салт-дәстүрлердің қазіргі заман талабына сай жаңаруына мән беру керек. Бұл дегеніміз – дәстүрлерді тек қайта жаңғыртып қана қоймай, оларды жаңа форматта және қазіргі заманғы қоғамға сай бейімдеу. Мысалы, цифрлық платформалар арқылы қазақтың ұлттық музыкасын, қолөнерін, ұлттық киімдерін кеңінен насихаттау, ұлттық тағамдарды дайындау бойынша мастер-класстар өткізу – жастар арасында ұлттық құндылықтарды қайта жандандыруға жол ашады.
Болат Бопайұлы бүгінге дейін жеткен қазақ халқының салт-дәстүр, ырым-тиымдарының ғасырлар бойы сараланып, уақыт елегінен өткен құнды ұғымдар екенін айтады.
Қазақ ырымы – қазақ ғылымы. Наным-сенімнің түп қазығы – қазақ ырымдары деуге болады. Қазақта жаман ырым жоқ. Бәрі жамандықтан тиятын, жақсылыққа жетелейтін ырымдар. Сондықтан да ата-бабадан қалған тәрбиелік мәнге толы ырымдар ғасыр сарабынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Жарамсыздарын уақыт елегінен өткізіп ысырып тастайды да, жарамдылары халқымызбен бірге өмір сүріп келеді, – дейді этнограф.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!