Саз балшықтан сәулет соғып, қаланың көркін келістіруде күш салатын құрылысшы мамандығының маңызы зор. Маңайына да маңдай терін төге жұмыс істеуімен құрметті болатыны содан. Құрылымда қолынан іс келетін қызметкер болса жұмыста да жүйесіздік болмайтыны белгілі. Жас құрылысшылар арасында өткізілген «Тас қалаушылар» байқауының жеңімпазы Нұрдәулет Жолмахан да тәжірибелі маман екенін дәлелдеді.
–Қиын да күрделі құрылыс саласын таңдауыңызға не түрткі болды?
–Жастайымнан жұмысқа бейім болып, тірліктен тыс қалмадым. Қызу еңбекте қарап қалмайтындықтан құрылыс саласына бет бұрдым. Икем мен ептілік болса кез келген істі ұршықша иіріп әкетуге болады. Қажыр-қайратты талап ететін салада жүргеніме 6 жыл.
Меніңше ерге еріншектік тән емес. Сондықтан отбасының асыраушысы болған соң қолқусырып қарап отыруға болмайды. Жан-жаққа жалтақтап, өзгеге қол жайып қипақтамас үшін әрекет еткен абзал. Түптеп келгенде, терлеп еңбек еткенімде ғана тілегіме жететінімді білемін. Оның үстіне оңай олжамен емес, адал жолмен ақша табу абырой.
–Байқауда қатысушылардан көш ілгері болып, жеңіске жеттіңіз. Бұл еңбек жолындғы алғашқы жетістігіңіз бе?
–Иә, мұндай байқауға алғаш қатысуым және алғашқы жетістігім. Қайнаған тірліктің бел ортасында жүріп, халық игілігін көретін нысанның кірпішін қалағанымның өзі жеңіс деп білемін. Әрине, еңбегімнің еленіп, еншіме жеңіс бұйырғанына да қуаныштымын.
–Қолдың қажыры мен төгілген тердің нәтижесінде түрлі нысандар салынады. Құрылыс біткеннен кейін қандай сезімде боласыз?
–Жүктелген жұмысты абыроймен атқарып, белгіленген уақытта аяқтай алсақ сол қуаныш. Мүдделі бір жоспарды тиянақты жүзеге асырсақ шүкіршілік етемін. Іргелі істің іргесін қаласақ ілгері жылжу болатыны ақиқат. Түрлі нысан, сәулетті ғимарат салуға тапсырма берілгенде тас-түйін етіп орындауға бекінетініміз де содан. Сондай-ақ, сапасына да салғырт қарамай, ісімде ілік болмауын назарға аламын. Қала бейнесінің қандай екені ғимаратынан-ақ белгілі болады. Сондықтан қос қолдың қайратымен қаланған қайсыбір нысанға көпшілік таңданыспен қарап, игілігін көрсе босқа тер төкпегеніміз ғой.
–Құрылыс – қауіп-қатердің ортасы екені белгілі. Жазатайым оқиғадан жапа шегуі бек мүмкін. Бойды қорқыныш билеген сәттер болды ма?
–Расымен де кез келген нысанның биігі көкпен таласады. Арнайы құрылғымен жоғары көтеріліп, төмен түсіп жүріп жұмыс істейміз. Иә, кейде қорқыныш болады. Соған қарамастан мұндай кезеңде кідіріс жасап, қолды бір сілтеп кетпеймін. Тіпті тосыннан техникалық құралдан да зақым келуі мүмкін. Бармақты шайнап кететін, болмаса аяққа түсіп жаныңды көзіне көрсететін қиындық та кездесуі мүмкін. Десе де осы саланы таңдап, қалап келгендіктен міндетімді мінсіз атқарғым келеді. Егер қалт-құлт етіп тұрсаң, істеген істің де берекесі кететіні даусыз.
–Кірпіш қалау мен таңдауда әлдебір кемшілікті байқайсыз ба? Жалпы тас қалау технологиясымен бөліссеңіз…
–Жұмыс барысында құрылыс материалынан немесе жұмыстан кемшілік байқамадым. Негізі істің көзін таныған адамға қиын нәрсе жоқ. Тас қалау үшін алдын ала керекті құралдарды дайындап, ретімен кірпіш қалап, түзулеп өріп шығамыз. Сондай-ақ, кірпіш мүжіліп, сылақ сыланып түспесі үшін материалдардың мықты болғаны маңызды. Яғни тас материалдардың беріктігі, ұзаққа шыдамдылығы, өртке төзімділігі, табиғатта кең таралуы және қолдан жасауға мүмкіншілігі жатады. Тас жұмыстары ерітіндіге даралап тас төсеуден тұрады. Ерітінді жеке тастарды бір тұтасқа біріктіреді, олардың біркелкі берік болуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар жел өтуден және ылғал енуден қорғайды. Негізгі процеске – жасанды немесе табиғи тастардан жасалған кірпішті ерітіндіге төсеу, ал қосалқы процеске – төсеніштер орнату, материалдар әзірлеу, арматура салу және т.б. жатады.
–«Құрылыс – қоғамның айнасы» дейміз. Қала келбеті қиранды емес сәулетті болуы үшін сала мамандары нендей қателік жібермеуі керек?
–Алдымен сапаға аса мән беру керек. Содан соң уақытылы құрылыс материалдардың жеткізілуін негізге алған жөн. Бастысы құрылысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Қаланың кескін-келбетін қалыптастыруда өнімді еңбек етуді жалғастырамын.
Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!