Қызылорда облысының мұнай және газ саласының бірқатар әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің оңтайлы шешімін табу үшін аймаққа ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жұмыс сапармен келді.

Жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары мен мұнай өндіруші және мұнай сервистік компания басшылары және коммуналдық кәсіпорындарының жетекшілері қатысты.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде мұнай сервис саласындағы жұмыстар мен қызметтердің тарифтері республика бойынша ең төменгі деңгейде екенін тілге тиек етіп, саладағы өзекті мәселелерді тізбектеді. – Аймақ экономикасының негізін мұнай-газ саласы құрайды. Дегенмен, қазіргі таңда белгілі себептерге байланысты бұл саланың дамуы төмендеуде.

Облыс аумағында перспективалы және мұнайлы-газды үш шөгінді бассейн орналасқан. Қазіргі таңда екі бассейнде геологиялық зерттеулер жүргізу мәселесі шешімін тапты. Бірақ, Сырдария бассейні бойынша жобалық құжаттар дайындалғанмен, қаражат бөлу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ, мұнай өндіру көлемін арттыру үшін өндіру және барлау ұңғымаларының тереңдігін 3 мың метрден астам тереңдікке ұлғайту қажет. Бұл шаралар өндірілетін мұнай көлемін 1,5 есеге, ал жобалық мұнай беруді шамамен 50%-ға арттыруға мүмкіндік береді,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі мұнай экспортына квотаны ұлғайтуды және мұнай сервисті компаниялардың қызмет бағаларын индекстеуді ұсынды. Сондай-ақ, аймақтағы уран өндіретін «РУ-6» ЖШС-нің келісімшартын ұзарту керектігін атап өтті.

Жиында Нұрлыбек Нәлібаев аймақ үшін аса қажет жаңа жылу электр орталығын салу және жаңасын салғанға дейін қолданыстағы тозығы жеткен когенерациялық электрстанцияны қайта жаңғырту туралы ұсыныс көтерді.

Өз кезегінде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов облыс әкімі көтерген мәселелер өте өзекті екенін алға тартып, жылу электр орталығын салу мәселесінде оң шешім қабылданатынын жеткізді. Басқосу барысында министрлік өкілдері сөз алып, алдағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Мұнан бөлек, жергілік компания өкілдері мұнай өндіру секторындағы қызметкерлердің жұмыспен қамту бағытында іс-шаралар қабылдауды және өңірде газ өндіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды ұсынды.

Айта кетейік, Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірге жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындар мен коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесіп, «Қызылорда жылу электр орталығының» жұмысымен танысты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!