Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев полиция департаменті қызметкерлеріне автокөлік кілтін табыстау салтанатты рәсіміне қатысты. Жиында полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Сұлтан Бектөре, құқық қорғау саласының басшылары мен сала ардагерлері Сыр сақшыларын мерекемен құттықтады.Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Орталық алаңда өткен іс-шарада облыс әкімі тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін тілге тиек етіп, саланың дамуына қажетті ұсыныстарға ерекше мән берілетінін жеткізді. – Полицейлердің кәсіби біліктілігімен бірге қызметіне адалдығының, жауапкершілігінің арқасында қоғамда тұрақтылық қалыптасып, азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімі арта түседі.Қазіргі кезде полиция органдары қылмыспен күресуде алдыңғы сапта тұрып, мезгілдің ыстық-суығына қарамай, күн-түн демей қоғамдық тәртіп пен ел тыныштығын сақтауда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгін тапсырылатын автокөліктер алдағы уақытта полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, тұрғындардың тыныш та, уайымсыз өмір сүруін қамтамасыз етіп, қылмыспен күресті қарқынды жалғастыруға септігін тигізіп, жұмыс сапасын одан әріарттыра түседі деп сенемін,-деді Нұрлыбек Нәлібаев. Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. Мамандар GPS жүйесі арқылы көліктердің қай бағытта жүргені орталықтан бақыланады.Салтанатты рәсімде полицейлер сап түзеп, шеруге шығып, жаңа автокөліктермен жүріп өтті. Айта кетейік, Қызылорда облысы қылмыс ең аз жасалатын аймақ ретінде тіркелді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!