Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылысы қарқын алған бірқатар нысанды аралап, «Қызылорда» су торабындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. 2020 жылдан бері апатты жағдайдағы су торабы жөнделуде. Мердігер мекеме «Caspian Contractors Trust» ЖШС жөндеу жұмыстарын биылғы желтоқсан айында аяқтайды деп жоспарланған. Бөгетте 16 метрлік бес аралық бар, олар қақпалармен және апаттық-жөндеу шандорларымен жабылған.
Мұнан әрі Нұрлыбек Машбекұлы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі «Неке сарайының» құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын зәулім ғимараттың құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған.Облыс әкімі жақын күндері ашылған тұрғын үй құрылысы комбинатының жұмысымен де танысты. Комбинат еден, жол плитасы, іргетас блоктары, маңдайша, таспалы іргетас, баспалдақ сияқты өнімдер шығарады. Жаңа зауыт сағатына 80 текше метр тауарлы бетон және күніне 120 текше метр темір- бетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.Әрі қарай аймақ басшысы «Анаға тағзым» орталығының құрылысын көрді. Нысан жақын арада халық игілігіне табысталмақ. Ғимарат белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд.теңгеге салынуда.
Бұл орталықта қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтар дәріптеліп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жаңғыртылады. Келушілерге сән мен сымбат, үй тұрмысы, қонақ күтуді үйрететін, жан-жақты психологиялық көмек беретін кабинеттер болады. Мұнан бөлек, ғимаратта шығармашыл жандарға арналған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы, жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері орналасады.Аймақ басшысы Абай даңғылы №47 «а,б,в», 51, 51 «а» тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарын да көрді.
Маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Оған қоса демеушілер 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда. Заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылуда.Облыс әкімі жылына 33 мың тоннадан астам өнім өңдеуге қауқарлы «Мағжан және К» ЖШС-ның күріш зауытында болды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Н. Нәлібаев ішкі нарыққа және ішінара экспортқа жіберілетін йодталған техникалық және ас тұзын өндіретін «Ассоль» зауытында да болды. 2021 жылы компания өнімдер мен қызметтердің сапасы бойынша ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы болған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!