Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Басқосуда 15 тұрғынның мәселесі тыңдалды. Қабылдауға келген қала тұрғыны әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыға берілетін азық-түліктің сапасына қатысты шағымын білдірді. Бұл ретте облыс әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы Ғабит Жаңабаевқа тиісті сыннан қорытынды шығаруды тапсырды. Сондай-ақ, қала тұрғындары Бақытжамал Қаржауова «Бәйтерек» ықшам ауданында орналасқан жер учаскесіне инфрақұрылым және жол жүргізу туралы өтінішін білдірсе, Болат Калмаханов «Қара Бура аулие» көшесіне аяқ су жүргізу, канализация тарту мәселелерін көтерді.

Тұрғындар мәселесін саралаған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қала әкімі Асылбек Шаменовке тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан Бәйтерек 2-ші кіреберіс жолын асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 1-ші кіреберіс жолына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ал, Бәйтерек-1 тұрғын ауданы, 29 тұйық көшесі бойында ауыз су желісі құбыры, электр желісі жүргізілген. Мұнан бөлек, жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек беруді, жұмыспен қамту, денсаулық саласына қатысты, тұрғын үй алу сынды өтініштерін жеткізді. Қала тұрғыны Абай Шайнұров облыста созылмалы бүйрек ауруымен ауыратын азаматтардың саны жылдан-жылға артуына байланысты науқастарға қажетті аппараттың алуына ықпал етуді және салада нефролог мамандардың жетіспеушілігін алға тартты.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасының орынбасарына мәселеге толық талдау жүргізіп, тиісті жұмысты үйлестіруді тапсырды. Қабылдауға келген тағы бір тұрғынның мәселесі де гемодиализ ауруын емдеумен байланысты болды. Облыс әкімі әрбір науқастың еміне қарай тиісті шараларды зерделеп, мәселені оңтайлы шешудің жолын қарастыруды тапсырды. Айта кету керек, осы уақытқа дейін аймақ басшысы 15 жеке қабылдау өткізіп, 130-ға жуық азаматтың мәселесін саралады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!