Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Штаб құрамына облыс прокуроры, жергілікті және орталық атқарушы органның мекемелері, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлер палатасы, салық органдары енгізілді, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атап өту қажет, өңірлік инвестициялық штабтың құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың тапсырмасына сәйкес Президент Әкімшілігінің Өңірлік даму мониторингі бөлімінің инспекторы Нұрлан Тайғанов қосылды.
Күн тәртібінде «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым тарту, инвестициялық жобалар, шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы осыған орай сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы экономикалық аймақты cыртқы және ішкі инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын егжей-тегжейлі зерттеп, инфрақұрылым жеткізу мәселесін заң аясында зерделеңіздер.
Қазіргі таңда елімізде шағын өнеркәсіптік аймақтарды салып, дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Көп жағдайда кәсіпкерлер өндіріс орнын ашу үшін стандартқа сәйкес келетін дайын ғимарат сұрайды. Облыстық экономика және қаржы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары «Байқоңыр» корпорациясымен бірлесіп, шағын өнеркәсіптік аймақтарды салуға қажет қаражатты жергілікті бюджеттен тарту мәселесін қарастырыңыздар»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауытының директоры Нарбаев Еркебұлан зауытқа апаратын жолдың және сол маңдағы теміржол асты тесік көпір жолының мәселесін көтерді. «Орхун Медикал» медицина орталығының директоры Алмат Жұмабаев қала аумағынан стандартқа сай бос ғимарат сұрады. «Рем Пласт» қағаз және картон зауытының директоры Расул Жүсіпбеков инженерлік инфрақұрылымға қатысты, «Вигор Холдинг» жобасының құрылтайшысы Мөлдір Жақанова 20 мегаваттық күн-электр станциясын салудағы проблемаларды айтты. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту жайындағы пікірін білдірді.
Айта кетейік, 2025 жылы өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өткен 5 айдың қорытындысы бойынша 229,8 млрд теңге тартылып, өсім 27,1% болды. Оның 70%-ы – жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары 89 инвестициялық жоба шеңберінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 27 жоба жүзеге асады.
Ірі жобалар қатарында түрік инвесторы «Aksa Energy» салған жаңа жылу-электр орталығы, заманауи кірпіш зауыты, жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас шығару және айна өндіру жобалары бар.
Сонымен қатар, «Марал Нұр» жолаушы вагондарын жөндеу кешені, түрік инвесторының «Орхун Медикал» медицина орталығы, кондитерлік және макарон өнімдері өндірісі, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!