Олигарх Александр Клебанов Екібастұздағы жылу электр орталығын мемлекетке бір теңгеге сатуға дайын. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Егер Клебанов осы нысандарды мемлекетке қайтаратын болса, халыққа және мемлекетке келтірілген залалды өтеуі керек. Екі күн бұрын әкімдікте жиналыс болды, оған Клебанов та келді. Сол кезде осы жайында оған айттық. Ол аталған нысанды бір теңгеге мемлекетке сатуға дайын екенін мәлімдеді. Біз өз кезегімізде олай болмайтынын, яғни бірінші кезекте кәсіпорынды иелікке алған кезде оның жағдайы мен қазіргі ахуалын салыстырып, соның айырмашылығын анықтап алуды талап еттік. Осы орайда кәсіпкер бұл айырмашылықты төлеуі тиіс, сондай-ақ Екібастұздың тұрғындарына келген шығынды өтеп беруі керек», – деді Е. Саиров.
Оның айтуынша, бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуі керек.
«Егер құқық қорғау органдары заң бұзу деректерін анықтаса, онда келген залалдың орнын өтеу мәселесі көтеріледі», – деді депутат.
Еске сала кетейік, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған еді.
Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!