Фото: ашық дереккөзден

Күллі жұртшылық көз тіккен аламан бәйге – Олимпиада жазғы ойындары биыл Франция мемлекетінде өтіп жатыр. Париж төрінде 25 спорт түрінен 329 медаль сарапқа салынып, 206 ұлттық құрама сапынан 10 мыңнан астам спортшы сынға түсіп жатыр.

Жиырма жылға татыған жүлде

Кіл мықтыны анықтайтын спорт жарысында тосын жайлар мен қызықты оқиғалар аз емес. Ел намысын қорғап, азуы алты қарыс мемлекеттерді таңғалдырған қазақ спортшылары Париж төрінде көк туымызды желбірете алды.

Әлем көз тіккен дүбірлі дода бірінші күннен бастап тартысқа толы екенін спортсүйер қауым жақсы біледі. Қазақстан спортшылары алғашқы сәттерден-ақ ел мерейін асырды. Пневматикалық қару арқылы 10 метрден нысана көздеу сайысында ел атынан қатысқан Александра Ле мен Ислам Сәтбаев топ бастады. Аралас командалар арасындағы жарыста қазақ елінің қоржынына алғашқы қола медаль түсті. Бір қызығы, бұл спорт түрінен жерлестеріміз жиырма жылдан астам уақыттан бері медаль еншілей алмаған.

Қазақстан дзюдосындағы алғашқы алтын

Париждегі аламан додада жерлесіміз Елдос Сметов қазақ тарихында дзюдодан алғаш алтын медаль еншілегенде қуанбаған қазақ жоқ шығар?! Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өзге спортшылардан оқ бойы озып шықты. Финалда француздық Лука Мхейджомен белдескен Елдос қарсыласынан басым түсіп, мықтылығын таныта білді. Ер кезегі үшке дейін демекші, Елдос бұған дейін алғашқы үштік қатарынан табылса да, бірінші болып көріне алмаған еді. Оның осыған дейінгі Олимпиада ойындарынан күміс және қола медалі бар.

Париж төрінде көк туымызды желбіретіп, көзіне жас ала қазақ елінің әнұранын шырқаған Елдос күллі қазақ халқының жүрегінде патриоттық сезімді оята білді.

Бүгінде Елдос Сметов өзге әріптестерімен бірге Отанға оралып, халқының ілтипатына бөленуде.

Алғашқы медальді иеленгендер қатарында Нариман Құрбанов та бар. Ол Олимпиада ойындарына бірінші рет қатысса да, нәтижелі өнер көрсетті. Нариманның «күмісі» Қазақстан тарихында гимнастикалық ат спорты түрінен ең алғашқы медаль болып саналады.

– Бұл – қазақ халқы үшін көптен күткен жүлде. Бала кезімде Олимпиадаға қатысуды армандамадым, нақтырақ айтсам, 18 жасыма дейін бұл туралы ойламаппын. Олимпиада ойындарына қатысып, жүлде үшін күресуге болатынын түсінген кезде барып, мақсат қойдым. Бағытымды жоспарлы түрде бастадым. Мен бұл жүлдені біздің елде қалай қарсы алатынын, қанша эмоция тудыратынын білемін. Қазір бұл медальді ұстағаннан гөрі, елге сыйлай алған қуанышымнан бақыт сеземін, – деді жерлесіміз. Желіде спортшыны құттықтаған жанкүйерлер бұл «күміс» биылғы додада күтпеген жеңіс екендігін жарыса жазуда.

Ғұсман Қырғызбаевтың да қазақ еліне дзюдодан «қола» медаль сыйлағанын айта кетейік. Ол биыл Олимпиада ойындарына соңғы рет қатысқанын мәлімдеді. 60 келі салмақта сегіз жыл өнер көрсеткен оған медаль алу бақыты бұйырмай келген еді. Десе де 66 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, ел қоржынын «қоламен» толықтырды. Жеңісін қазақ еліне арнап, күні кеше Елдоспен бірге Қазақстанға оралды.

Жеңістің жеті атасы бар, жеңіліс қашан да жетім

Бақ пен бап қатар шабады. Қазақстаннан Парижге 80 спортшы 25 спорт түрінен бақ сынауға аттанған болатын. Ал Қызылордадан жазғы ойындарға 4 спортшы қатысты.

Байрақты додада сәтсіздікке ұшырап, жеңіліс тапқан жерлестеріміз де бар. Көңілімізде кірбің болса да, спортшылардың сағы сынбай, елге аман оралуы маңызды. Өздеріңізге белгілі, теннистен ұлттық құрам бірде бір медаль ұта алмады. Кейбір теннисшілер аламан дода басталуға сәл қалғанда денсаулығына байланысты қатысудан бас тартып, үкілеген үміт үзілді.

Былғары қолғап шеберлерінен құралған Қазақстан құрамасы да биыл топ жара алмады. Бокстан ұлттық құрамның капитаны Асланбек Шымбергенов өзінің алғашқы жұдырықтасуында жеңіліс тапты. Бүгінде шаршы алаңда 10 боксшыдан ерлер арасында тек Нұрбек Оралбай (80 келі) мен әйелдер арасында Назым Қызайбай (50 келі) ғана қалған еді. Назым қытайлық спортшыдан басым түсе алмады. Десе де Олимпиада ойындарының қола медалін еншіледі. Ал «өзге боксшылардың кездесуі сәтсіз аяқталса да, кей белдесулер әділ шешім таппады» дейді қазақстандық көрермен қауым. Осы орайда Ұлттық олимпиада комитеті Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне байланысты аппеляцияға беріп, төреліктің әділ болуын талап етті.

«Біткен іске сыншы көп» демекші, қазір бірдеңе деп топшылау әбестік болар. Сол себепті саңлақтарға сәттілік пен төрешілердің әділ шешім шығаруын тілегеніміз абзал.

Қазақтың қара домалақ қызы

Бұл сөздер Олимпиада ойындарында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде ел намысын қорғап, финалға дейін жолдама алған Нора Джеруто туралы. Ол іріктеуден 4-ші орын алып, өзінің маусымдағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. «Финалда барымды саламын» деген еді. Алайда мәре сызығын 9-шы болып кескен Нора жарысты жүлдемен аяқтай алмады. Айта кетейік, Нора осы қашықтықта 2022 жылы Қазақстанның қорына жеңіл атлетикадан алғашқы алтынды сыйлаған болатын.

Олимпиада олқылықтары мен қызықтары

Биылғы жазғы ойындар түрлі есте қаларлық оқиғаға толы болды. Париждегі Олимпиаданың ашылу салтанаты да өзгеше болған секілді. Көптеген интернет қолданушының наразылығын тудырған ашылу салтанатында өнер көрсеткендер арасында ЛГБТ өкілдері болды.

Атап айтқанда,«сақалды» әйел сахнада билеп, олимпиадалық алауды ауыстыру процесіне ЛГБТ өкілі қатысты. Фестиваль сегментінде Леонардо да Винчидің «Соңғы кешкі ас» қойылымы бейнеленіп, бұл көрініс көптеген католик және басқа да христиан дінін ұстанатын жандардың шамына тиді. Тіпті АҚШ президентіне кандидат Дональд Трамп та Франциядағы ОО-ның ашылу салтанатын өрескел әрекеттерге толы деп сынады. Одан бөлек, ашылу салтанатында қатысушы мемлекеттерді таныстыру сәтінде Корея мемлекетінің құрамасын КХДР деп бұрыс жазып, елеулі қате жіберді. Кейіннен Франция бұл ағаттық үшін кешірім сұрады.

Әрине, бұл әлемдік спорт болғаннан кейін келеңсіздіктердің болуы мүмкін еді. Мәселен, итальяндық боксшы Анджела Карини жынысын ауыстырған ирандық Иман Хелиф есімді ер адаммен жұдырықтасты деген қауесет тараған болатын. Алайда бұл ақпарат жалған болып шықты. Иманның әкесі қызының кішкентай кезіндегі суреттерін жариялап, жалған ақпаратқа тосқауыл қойды.

Басында көпшілік сынға алған алжирлік боксшы қыздың бүгінде қолдаушылары көбейіп, жалған ақпаратқа сенгендеріүшін кешірім сұрауда. Десе де тайвандық боксшы Линь Юйтинға қатысты дау басылмады. Өзбекстандық Ситора Турдыбековамен жұдырықтасуда жеңіске жеткен Линь Юйтин көптеген жанкүйердің наразылығын тудырды. Желіде «шынына келгенде ер адам әйелмен бір рингте белдесіп жатыр ғой, бұл әділетсіз» деген секілді пікір білдіруде. Әйтсе де оны қолдайтын жандар да бар.

Сена өзенінің ластануы. Бұл да Париждағы Олимпиаданың сапалы өтуіне кедергі туғызып отырған жағдайлардың бірі. Әлеуметтік желіде триатлоннан сайысқа түскен спортшылардың лай судан зардап шеккендігін дәлелдейтін бірнеше бейнекадр жарияланды. Бүгінде ішек инфекциясының кесірінен Бельгия құрамасының 3 спортшысы триатлоннан шет қалды.

2024 жылғы Париж Олимпиадасында жүкті әйелдер де өнер көрсетті. Солардың бірі Әзірбайжан құрамасының спортшысы Яйлагүл Рамазанова жүктілігінің жетінші айында садақ атудан сайысқа қатысты. Садақшы жүкті болғанына қарамастан үздік өнер көрсетіп, қалың көрерменнің ықыласына ие болды. Сондай ақ жүктілер қатарында мысырлық Нада Хафез де бар. Ол семсерлесуден бақ сынап, бір айналымнан өте алды.

Тарихи сәттердің бірі ретінде Корея құрамасы мен КХДР-дың бірлесе түскен суретін атасақ болады. Жеңіс тұғырынан көріне білген корейліктер екі елдің дауына қарамастан батыл қадам жасап, бірге суретке түсті. Қытай құрамасы да жағымды жаңалыққа кенелді. Хуан Яцион есімді спортшы бадминтоннан «алтын» медальді еншілеп, сәлден соң өз әріптесінен үйленуге ұсыныс алды. Бұл да бір Олимпиаданың жарқын естелігі болып қалатыны сөзсіз. Ал сізге Париждегі Олимпиада ойындары ұнады ма?

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!