«…Біздің 30-гвардиялық атқыштар дивизиясы күніне 30-40 неміс танкін жойып отырды. Сол жерде болған шайқаста аяғымды екінші рет ауыр жарақаттап алдым. Кейін Фурманов қаласындағы госпитальде емделдім».

Бұл – менің атам, Қазтай Хайруллаұлының өз қолымен жазып қалдырған күнделігінен алынған үзінді. Бала күнімде осы жолдардың салмағын, жүрек ауыртар шындығын толық сезіне алмаған шығармын. Ал қазір бұл сөздер мен үшін атамның жүріп өткен қиын, бірақ абыройлы жолынан қалған қастерлі мұра, ұрпаққа қалдырған аманатындай естіледі.

1985 жыл. Мен бар-жоғы он бір жаста едім. Бірақ сол жылы менің де бір дәуірім аяқталғандай болды. Ауыл халқы қадірлі, сөзі салмақты, ісі үлгі азаматтан, ал мен бала жүрегімнің ең биік тұлғасы, қамқоршым, арқа сүйейтін атамнан айырылдым.

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

Атам Қазтай Хайруллаұлының өмір жолы тұтас бір дәуірдің айнасындай. Ол 1914 жылы бұрынғы Орынбор губерниясына қарасты Орал уезінің Қарашығанақ билігі, Кунчебай ауылында, қазіргі Орал облысы, Бөрлі ауданы, Тұңғыш колхозында шаруалар отбасында дүниеге келген. Тағдыр оның жастық шағын ерте есейтіп, қиындықпен шыңдады. Анасы Накиза 1936 жылы, әкесі Хайрулла 1955 жылы өмірден озған. Атам отбасындағы он бір баланың алтыншысы болған. Бала кезінен еңбекке ерте араласып, заманның азабы мен ащы дәмін ерте татқан ұрпақтың өкілі еді. Саяси қуғын-сүргін, тәркілеу, ашаршылық жылдары оның жастық шағымен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, білімге құштар, алға ұмтылған жас Қазтай ел ішінде ұйымдасып жатқан техникумдар мен курстарды аяқтап, мемлекеттік қыз метке араласты. Атап айтсам, тоғыз жасында бастауыш сыныптық білім алып, 1929-1931 жылдары Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданындағы Шилі кооперативтік техникумында оқыған. Еңбекке 1932 жылдан араласып, 1932-1933 жылдары Орынбор облысы, Новосергиевка станциясында совхоз табельщигі болып еңбек жолын бастайды. 1933 жылы Арал аудандық тұтынушылар қоғамының іс жүргізушісі, 1934-1937 жылдары Шымкент облыстық кәсіподақ кеңесінің іс басқармасының басшысы, 1937-1939 жылдары Тереңөзек аудандық, Қызылорда қалалық қаржы бөлімдерінің салық инспекторы, Қызылорда облыс тық атқару Комитетінің нұсқаушысы, 1939-1942 жылдары Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық атқару комитетінің хатшысы ретінде қызмет еткен.

Жастық шағы туралы жазғанында былай делінген:

«Әкем марқұм ескіше де, жаңаша да оқымаған. Орта жаcта болып жүрген кезінде ауылдың ақсақалдары әкемді мешітке қарауыл етіп қояды екен. Оқымаса да, тоқыған болуы керек. Молда деген атаққа ие болыпты. 1930 жылы әкемді орта шаруадан байлардың қатарына жатқызып, үй мүлкін тәркілейді. Сол жылы мені Шилі поселкесіндегі кооператив техникумының дайын дау бөлімінен шығарып жібереді. Күн көру үшін әдейі Орынбор облысына қарасты Новосергиевка ауданындағы Каширин атындағы «Қымыз» курортына барып, әке-ағаларымызбен сиыр, жылқы, баспақ бақтық. 1934 жылы ВКП(б) Орталық Комитетінің «Асыра сілтеушілік» туралы қаулысына лайық ата-ана, туыстарым туған жеріне қайтып барып, Тұңғыш колхозына мүше болды.

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

Сол жылдардағы оқуға талаптанып, ата-ана, туыстардың айтқанына құлақ қоймай Шымкентке келіп, өзімнің немере ағамның көмегімен облпрофсоветте іс жүргізушілік, кейіннен іс басқарушылық қызметін ат қарып жүріп, 3 айлық финанс курсын бітірдім. Жолдама бойынша Қызылордаға келіп, ақша бөлімінде, одан кейін Тереңөзек аудандық ақша бөлімінде, кейін аудандық атқару Комитетінде жауапты хатшылық қызметін атқардым. Кейін Қызылорда облыстық атқару Комитетінің нұсқаушылық қызметінен Жалағаш аудандық атқару Комитетінің жауапты секретарлығына жіберілдім. Мектепте көп оқымағанмен, жоғарыда айтылған мекеме басшылары мен қызметкерлерінің ақыл-өнегелері маған жақсы әсерін тигізді».

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

ҚАНДЫ МАЙДАН

Жылдар өтті. Өкінішке қарай, бүтін бір ұлттың маңдайына жазылған ауыр сынақ келді. Соғыс – ұрпақ жадында өшпейтін, жүректі сыздатып, жанды мұздатар қасіретті ұғым. Қолына қару алып, оқ пен оттың арасында жүрген аталарымыздың мойнында ел қорғау, ұрпақ амандығы үшін жанын шүберекке түю деген үлкен жауапкершілік тұрды. Менің атам Қазтай Хайруллаұлы да сол алапат заманда жастығын майдан даласында қалдырды. Неміс фашистері шабуыл жасағанда жас жігіт өз қалауымен Отан қорғауға аттанады. Алматыдағы жаяу әскер офицерлерін даярлайтын училищеде оқып, қысқа мерзімді әскери дайындықтан өткен соң, атам 1942 жылдың тамыз айында Калинин майданына взвод коман дирі ретінде аттанады. Сол жылдың қазан айында Великие-Луки қаласын жаудан азат ету операциясы барысында рота командирі оққа ұшып, атама оның ротасын басқару тапсырылған. Сол ұрыста ол ауыр жара қат алып, Мәскеуге жеткізіледі. Онда 7 ай бойы емделеді. Сауығып шыққан соң, қайтадан майданға, Орталық фронтқа аттанады. Бірақ денсаулығына байланысты командирлікке жарамайды. Дегенмен ротаның старшинасы ретінде жауынгерлік қызметін жалғастырған.

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

Атам өз естеліктерінде соғыс кезіндегі жағдайларды жиі жазатын. Соның бірінде 1943 жылдың қарашасын бей нелеген екен.

«Біз, жалағаштықтар – Сүлеймен Асауов, Алпысбай Нұржанов, Бақыт Ахметов және мен бір бөлімде қызмет етіп, Великие-Луки бағытындағы шайқасқа қатыстық. Үш күнге созылған ұрыста артиллерия мен «Катюша» арқылы жауды 15 шақырымға дейін шегіндірдік. Бір хуторда екі неміс солдатын тірідей тұтқынға алып, бір офицерін жер жастандырдық. Сол күндері түнгі шайқастардың бірінде қаруластарым Сүлеймен Асауов пен Бақыт Ахметов қаза тапты. Ал мен жарақат алдым».

Атамның айтқан жарақаты тым ауыр еді. Ұрыс алаңында мина жарылып, соның әсерінен сол жақ жамбасы шашылып қалған. Аяқ-қолы, арқасы, бүтін денесінде майданның өшпейтін естеліктері суреттелгендей көрінетін. Соғыстың зардабын көрген адам, бейбіт өмірдің қадірін сөзсіз түсінеді. Әрқашан тыныштықты, балаларының, ұрпағының бейбіт өмір сүргенін тілеп отыратын. Саусақтары тартылып қалған еді. Десе де мен үшін домбыра тартып, соңғы күніне дейін мейірім мен махабатқа бөлеп өсірді. Соғыстың салмағынан бөлек күнделікті тіршілігін де жазып жүретін. Соңғы жазбасының бірінде «Бүгін сенбі күні. Дене құрылысым, қол-аяқтарым сау, өзіммен өзім салмақтанып жатып ұйықтап қалған екенмін (түс мезгілі). Бір кезде Маржан қызым – әке тұрыңыз, сізді біреу шақырып тұр деген дауысы, мен оянсам үйде өзімнен басқа жан жоқ» деп қысқа қайырған екен.

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

Қазтай Кенжақараев – қару асынған жауынгер ғана емес, болашақ үшін отқа түскен ар-намыстың, рухтың иесі еді. Қанды қырғында ауыр жараланып, ажалмен талай рет бетпе-бет келген атамның бойындағы қайсарлық пен Отанға деген адалдық бүгінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге. Ол бір күнде ондаған жолдасынан айырылып, сүйегі майдан топырағына айналған талай боздақтың ерлігіне үнсіз тағзым етіп, аман қалғандардың көзіндегі мұң мен кеудесіндегі сағынышты арқалап өтті. Соғыс оның жады мен жүрегінде қалған жара болды. Бізге бейбіт күн сыйлау үшін олардың басынан кешкенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ соғыс шындығын есте сақтау – біздің парызымыз.

ЕЛГЕ СІҢІРГЕН ЕРЕН ЕҢБЕГІ

Соғыс аяқталып, ел жеңіске жетті. Атам да оқ пен оттың арасынан аман есен үйге оралды. Елінің ертеңі үшін еңбек еткен азаматтың екінші өмірі басталды. Елге оралған соң аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде халықтық іс – Қызыл жарма каналын кетпенмен қолдап қазу жұмысын басқарды. Қазуға, елді бір орталыққа қоныстандыруға, колхоз өндірісін өркендетуге белсене араласты. 1944-1948 жылдары Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі, аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы болып еңбек етті. 1946 жылы ол Жалағаш аудандық Совет атқару Комитеті жоспарлау комиссиясының председательдігіне сайланды. Осы жұмыста жүргенде Алматыдағы Республикалық жоғарғы партия мектебіне жіберіліп, онда Нығымет Мырзалиев, Матай Шорабеков, Қонысбек Қазантаевпен бірге оқыды. 1948 жылы оқудан оралған Қазтай Кенжеқараев Жалағаш аудандық Совет атқару Комитеті председателінің орынбасары, председателі болып қызмет атқарды. 1950-1953 жылдары Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық атқару Комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, 1953-1954 жылдары Жалағаш аудандық жинақ кассасының меңгерушісі, ал 1954-1957 жылдары Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Сталин колхозының төрағасы, 1957-1959 жылдары Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық атқару Комитеті жанындағы колхоз құрылыстары басқармасының бастығы болды. Кейін денсаулығына байланысты колхоз председательдігінен босап, 1980 жылға дейін аудандық өндірістік комбинат бастығы, Коммунизм совхозы кәсіподағының председателі, аудандық тұтынушылар одағы кадрлар бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Қызмет барысында ауыл шаруашылығына, егіншілкке, қаржы бағытындағы жұмыстарға зор мән берген. Ауылдағы шаруалардың тәжірибе алмасуы үшін түрлі жиындарға, бас қосуларға баруға тырысатын. Сондай іссапардың бірі 1954 жылы болған. Бір топ шаруамен бірге Мәскеуде өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты.

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

Жалағаш ауданының құрылғанына 50 жыл толуына орай зерттеуші Әли Еркебаевтың 1989 жылы «Оралдан келген қос қыран» атты мақаласы бұрынғы «Жаңадария» газетіне шыққан енді. Онда атам туралы, еңбектері жайлы жазылған.

«Марқұмның тірі кезінде сөйлескенде ол әзілдеп «Менің Қызылорда облысында келуіме себеп болған Сыр қызына үйленуім» дейтін. Партияның колхоз құрылысын нығайту ұранына байланысты Кенжеқараев та «жиырма бес мыңдықтар» қатарында бұрынғы ұсақ «Жас қайрат», «Ақарық», «Жаңаталап», «Алғабас» колхоздарынан біріктірілген Сталин атындағы колхозға председатель болып сайланып, бытырыңқы елді мекендерді бір орталыққа қоныстандырып, іргелі ірі шаруашылыққа айналдырды. Сөз жоқ, Қазекең тірі болғанда Жалағаш ауданының 50 жылдық торқалы тойында төрде отыратындардың бірі болар еді» делінген мақалада.

Оқ пен оттың ортасынан оралған ер

Облыстық Совет атқару Комитетінің Құрмет Грамотасымен, Колхоз өндірісін өркендетіп, шаруашылықты су апатынан сақтауды ұйымдастырғаны үшін ол 1953 жылы Қазақ ССР Жоғары Советінің Грамотасымен марапатталды. Ұлы Отан соғысының мүгедегі бола жүріп, Жалағаш жерінде үздіксіз еңбек еткен Қазтай Кенжеқараев 1977 жылы республикалық дәрежедегі дербес пенсияға шықты. Ол сондай-ақ Ұлы Отан соғысында ерліктері үшін 1941-1945 жылдардағы II дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1941-1945 жылдардағы I дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жеңістің 30, 40, 50 жылдық медальдарымен наградталған.

1977 жылы атам зейнетке шықты. Бірақ зейнет демалысы да оған тоқмейілсу емес, жаңа белес болды. Өмірінің соңына дейін ауылдың, халықтың ісіне араласып, ақыл-кеңесін айтып, ел ішіндегі парасат пен сабырдың белгісіндей болып өтті. Ол кісінің өмірі – өзінен кейінгі ұрпаққа тағылым, үлгі, аманат. Біз атамыздың есімін мақтанышпен айтып, оның рухани мұрасын ұрпақ санасына сіңіруді парыз санаймыз.

Маржан КЕНЖЕҚАРАЕВА,
немересі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!