Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдердің мерекесі қарсаңында «Ұстазым менің, ұстазым» челленджін бастады.
«Ұстазым менің, ұстазым» атауымен кез келген адам мұғалімдер күні қарсаңында өзінің аяулы ұстаздары туралы естеліктерін бөлісе алады.
Ғани Бейсембаев «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» қағидасын бойына әбден сіңірген, өмірлік ұстаздары – ата-анасына алғысын айтты. Одан соң министр мектептегі және педагогикадағы ұстаздары туралы естелігін жазды.
«Кезінде біз бір қабатты, сабан кірпіштен қаланған, шағын мектепте тәлім алдық. Сол аядай ғана білім ұясын оқушыға деген махаббатымен зәулім әрі жарық еткен ұстаздарымды әрдайым құрметпен еске аламын. Әсіресе алғаш «Әліппемен» таныстырып, сауатымызды ашқан Қызылбаева Дәмеш апайыма мың тағзым етемін. Бүгінде ол кісі тоқсанның төріне шыққан ардақты әже. Дәмеш апайдан кейін 4-7 сыныпта бізді өз алақанына алған Сыздықова Күлтай апайымыз да жадымызда. Әуелде қатал көрінгенмен, қамқоршы болған ұстазымыздың жақсылықтарын бала көңіл қайтіп ұмытсын?! Одан кейінгі қызық та ең қиын кезең, бозбала мен бойжеткен сәтімізде тәлімі мен тәрбиесін көрген сынып жетекшіміз Сейілова Ұлтай апайымызды ұмыту тіпті де мүмкін емес. Ұлтай апайдың сол кездегі бейнесі «Қыз Жібек» фильміндегі Жібекке ұқсайтын. Қазақ әдебиетінен дәріс беретін ұстаз әдеби шығармалардың мәнін ашып, талдау жасағанда бүкіл сынып ұйып тыңдайтынбыз. Қиялымызға ерік беріп, өзімізді оқиғаның ішінде жүрген кейіпкердей сезінуші едік. Сол арман алдыға жетелеп, менің де осы ұлағатты жолды таңдауыма ұстаздарымның тәлімі түрткі болғаны сөзсіз. Педагог ретінде қалыптасу жолымда тәлімгерлік еткен жандарды да ешқашан ұмытпаймын. Дәлелхан Мусин, Раушан Букаева, Антонина Бондарева, Қанипа Бітібаева, Шәмшә Беркімбаева ұстаздарым бұл өмірден озса да, олардың есімі мәңгі жадымда…
Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбектеніп, ағартушылық қызметті абыроймен атқарып жүрген және зейнет демалысындағы педагогтер қауымына шынайы ризашылығымды білдіре отыра, әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін! Шәкірттеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер, мерейлеріңіз үстем болсын!» деп жазды министр.
Министр арнаулы челленджді барша қазақстандықтарға және Нұртөре Жүсіп, Aсхат Аймағамбетов, Тамара Дүйсенова, Aида Балаева, Саясат Нұрбек, Ажар Ғиният әріптестеріне жолдады. Аяулы ұстаздары туралы жылы лебіздерді білдіріп, қызық естеліктерді бөлісуге шақырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!