Олимпиадалардың басым бөлігін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді.
Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдер, оқушылар және колледж студенттеріне арналған 175 республикалық және халықаралық олимпиада бар екенін хабарлады. Олардың тізімімен осы жерден танысуға болады.
175 олимпиаданың 33-і мұғалімдерге арналған. Бұл байқаулардың нәтижесі мұғалім аттестациядан өткен кезде ескеріледі. Ал мектеп оқушыларына арналған олимпиадаларға 2-4, 5-6, 9-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады.
Олимпиадалардың басым көпшілігін Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді.
«Олимпиадалардың басым бөлігі республикалық және жергілікті бюджет есебінен өткізіледі. Сондай-ақ олар балалар үшін тегін ұйымдастырылады. Байқауға қатысу үшін балаларға бір жерге барудың, қағаз және құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Жарысқа қатысу үшін компьютер болса жеткілікті», – деді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова
Ол, сондай-ақ министрлік ұсынбаған олимпиадаларға қатысу мәселесінде мұқият болу қажеттігін ескертті.
«Ашықтықты, академиялық адалдықты және олимпиадалардың сапасын қамтамасыз етпей, ақылы жарыстар ұйымдастыратын кәсіпкерлер де бар. Ата-аналар мұндай олимпиадалардың басты міндеті – балалар арқылы ақша табу мүмкіндігі екенін түсінуі керек. Кейде мұндай күмәнді жарыстарды ұйымдастырушылар азаматтарды жаңылыстыру үшін министрліктің логотипін бекітеді. Тіпті кейбіреулері «Дарын» немесе басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдардың атауын өздерінің заңды тұлғаларының атауында пайдаланады. Осы себептен ата-аналар мен мұғалімдерге толық тізіммен танысуға кеңес береміз», – деді Гүлмира Кәрімова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!