Алматыда 10 жастағы бала сыныптасының қолын екі жерінен сындырып тастаған. Бұл туралы қоғам белсендісі, «НеМолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«НеМолчи» қорына жәбірленуші баланың анасы жүгінген. Оның сөзінше, екі оқушы сабақ кезінде жанжалдасып қалған. 

«Алматы секілді үлкен қалада мұндай жағдай болады деп ойламаппын. Оқиға 17 сәуірде болған. Бұған дейін ұлымды аңдып жүргендері туралы, оған мектепте де, мектептен тыс та буллинг көрсетіліп жүргені туралы хабарлар түскен. Екі баланың біреуі баламның пеналын алып кететінін, екіншісі баламмен сөйлесетінін айтып келісіп алған. Ол кезде сынып жетекшісі сыныпта отырған. Баламнан ірірек оқушы ұлыма қарай құлаған. Артынан қасақана ұлымның сол қолын аяғымен басқан. Осылайша, ұлымның қолы екі жағынан сынған», – дейді жәбірленуші оқушының анасы. 

Оның сөзінше, мектепте ұлы бір жылдай қорлық көріп жүрген. Мысалы, сол балалар ұлының самокатын тартып алған екен.  

Бұл жайтқа қатысты қалалық Білім басқармасы өкілдері пікір білдіріп, №198 мектеп оқушысының денсаулығына зиян келтіруге қатысты, балалардың құқықтарын қорғау және мектептегі мән-жаймен оқушылар арасындағы буллингті анықтау мақсатында комиссия құрылғанын айтты.

«Комиссия өз жұмысын 2023 жылғы 17 мамырда аяқтайды. Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі және оқиғаға қатысушылармен аталған оқиғалардың алдын алу туралы әңгіме жүргізілді. Тәрбие жұмысын әлсіреткені үшін директорға, директордың тәрбие жөніндегі орынбасарына, сынып жетекшіге қатысты тәртіптік жаза қолданылды. Бұл мәселе толығымен бақылауда», – делінген хабарламада. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!