Жақын арада Тіл саясатын дамытудың 6 жылдық тұжырымдамасы бекітілді. Жоспар бойынша атқарылуы тис іс аз емес. Оны орындауға Үкімет іркілмей, дереу кірісуге даяр екенін де мәлім етті. Алайда, тіл мәселесі тек бір тұжырымдамамен шешіледі дей салу көңілге қонбайды. Сондықтан мамандар болашақта қазақ тілі ғылым, ілім тіліне айналуы үшін қоғам болып қозғалыс жасау маңызды деген пікірде.

Осы орайда, Kazinform тілшісі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлын әңгімеге тартып, қазақ тілін дамыту мәселелері төңірегінде сұхбат құрды.

– Рауан Кенжеханұлы, жаңа қызметке кіріскеніңізге бірнеше айдың жүзі болды. Осы аралықта қандай жұмыстар атқардыңыздар?

– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – үлкен ұйым, еліміздің барлық аймағында 135 өкілдігі бар. Ірі кәсіпорындарда бастауыш ұйымдарымыз жұмыс істейді. Көп аймақты аралап, ұйым мүшелерімен кездесу өткіздік. Өйткені, бұл – қоғамдық ұйым. Біз қоғам мүшелерінің пікірін ескеруге міндеттіміз. Бағытымыз бен атқаратын жұмысымызды қоғам мүшелерімен ақылдаса отырып, дайындауымыз керек. Кездесулер негізінде алдағы жұмыс жоспары мен көп тың ұсыныстар дайындалды. Сол негізде жұмыс жоспарының басты үш бағытын анықтадық. Алғашқысы – қазақ тіліндегі мазмұнды арттыру. Балалардың қазақша сөйлеуіне қажет құралдардан бастап, әр адамның тұлға және маман ретінде қалыптасуына керек мазмұн қорын көбейтуге бағытталған шаралар кешенін дайындадық. Әлемнің таңдаулы анимация жауһарлары, балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиет, академиялық оқулықтар бағыты бойынша ауқымды әрі тұрақты жұмыс қажет.

Келесі бағыт – қазақ тілін оқытудағы білім беру жүйесіне қолдау көрсету. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту әдістемесі мен құралдарын жетілдіру қажет.

Үшінші бағыт – технологиялар мен қазіргі IT саладағы жетістіктерді тілді дамыту үшін және қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қолдау үшін тиімді қолдану.

Осы бағыттардың әрқайсысы бойынша жасалатын жобалар мен іске асатын шаралар кешені дайындалды. Оны да жеке таныстырамыз. Қоғам құрылтайы биылғы жылдың шілдесінде өтті. Сол уақыттан бері атқарылған жұмыс реті осындай.

– Көпшілік ойындағы маңызды сауалдың бірі – латын әліпбиі. Президент әліпбиді қайта қарауды және өзге ұсыныстарды ескеруді тапсырған еді. Содан кейін бұл төңіректегі мәселелер бойынша қозғалыс жоқ. Неліктен ?

– Жазу реформасы – аса күрделі шаруа. Әлем елдеріндегі осындай реформалар зерттеліп, қаралып жатыр. Ел ішінде де әліпби реформасына қатысты түрлі ұстанымдар бар. Тілшілер, қоғам өкілдері түрлі пікір айтып жатыр. Ол түсінікті де. Заңды құбылыс. Тіл реформасына, әліпбиді өзгертуге барлық азаматтың қатысы бар, қоғамдық пікір ескерілуі тиіс. Қазір әліпбидің оңтайлы, қолданушыға ыңғайлы, ең қолайлы нұсқасын алып шығу, жасақтау процесі жүріп жатыр. Барлығының көңілінен 100% шығатын алфавит құрастыру мүмкін емес деуге болады. Әр нұсқаның өз артықшылығы мен кем тұсы болуы мүмкін. «Қай дыбысты қандай таңбамен береміз?» деген сұраққа келген кезде лингвистика ғылымында да түрлі бағыт бар. «Диграф» деген ұғым бар. Яғни, кейбір дыбыстарды екі таңбамен беруге болады. Ол ағылшын тілінде көп кездеседі. Не болмаса, диакритикалық белгілерді қолдану бар. Жалғыз белгі, бірақ оның қосымша ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктерді пайдаланудың өз ережесі болады. Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін құрастыру барысында қай технологияны пайдаланамыз, қайсысы бізге тіл ерекшелігі тұрғысынан ыңғайлы әрі ықшам болады? Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы кирилл әліпбиінен бізге сіңген түрлі дыбыстар бар. Олардың қайсысын қалдырамыз, қайсысы алынады? Осы бағытта көп талқы жүріп жатыр.

Меніңше, қазіргі талқыланып жатқан нұсқа алдыңғыларына қарағанда анық көш ілгері. Президентпен кездесуде бұл мәселелер де талқыланды. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қатысты мамандармен жиі кездесіп жүр. Президенттің латын әліпбиіне қатысты азамат ретінде де, көп тіл білетін маман ретінде де өз ұстанымы, жеке пікірі бар. Мұқият қарап, терең зерттеп, әсіресе, осы реформаға келген кезде көпшіліктің көңілінен шығатын және ертең еркін қабылданатын әліпбидің нұсқасын жасау – өте маңызды. Сондықтан бұл төңіректегі мәселелердің маңызы төмендеді деуге болмайды. Түрлі мамандардан құралған тиісті ортада жұмыс қызу жүріп жатыр.

– Мемлекет басшысы қазақ тілі ғылым тіліне айналуы тиіс екенін айтты. Бұл бағытта не істемек жоспар бар, қандай жоба қолға алынады?

– Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін ғылым қазақ тілінде жасалуы тиіс. Қазір әлемдегі ғылымның басым бөлігі ағылшын тілінде жасалып жатыр. Ол әсіресе, фунтаменталды, техникалық ғылымдар бағытында анық солай. Гуманитарлық ғылымдағы ілгері дүниенің де дені ағылшын тілінде жасалады. Ол қозғалысқа төтеп беру, оған қарсы тұру қиын. Көп елдер өз тілінде ғылымның жасалуына айрықша көңіл бөліп, оны қолдаудың арнайы шараларын жасайды. Бізге де осындай қолдау шаралары қажет. Екіншіден, ғылымға керек мамандарды дайындауда оларды қазақ тілінде оқыту, оған қажет мазмұнның көп болуы аса маңызды. Өкінішке қарай, қазір ЖОО-да, әсіресе, техникалық, фунтаменталды ғылымдар мамандарын дайындауға қажетті әдебиет, оқулықтар, курстар аз.

Өздеріңіз білетіндей, 2017-2020 жылдары «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталатын жоба іске асты. Атауында айтылып тұрғандай, бұл жоба гуманитарлық ғылымдарды қамтыды. Қазір осы жобаның арқасында еліміздегі барлық оқу орындары философия, тарих, әлеуметтану, мәдениеттану, медиа, экономика, психология, заң, іскерлік яғни бизнеске қажет мамандықтарды қазақ тілінде оқытып жатыр. Тіпті, осы жобада аударылған оқулықтар негізінде MBA секілді бағдарламалар қазақ тілінде пайда болды. Енді бізге фунтаменталды ғылымды қамту керек болып тұр. Бұл туралы Асқар Жұмаділдаев ағамыз жиі айтып жүр. Осының бәрін ескере отырып, қоғам жұмысының білім саласы деген бағытында ғылыми әдебиеттерді де қосып отырмыз.

Бұдан бөлек, тіл саясатын қолдаудың 2029 жылға дейін тұжырымдамасы қабылданды. Ол тұжырымдаманың бір бағыты – сіз сұрап отырған қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуды да көздейді. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға көмектесетін оқулықтар, әдебиет, анықтамалықтар мен сөздіктер дайындау қарастырылған.

– Таяуда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Jibek Joly» телеарнасына берген сұхбатында: «Қазақ тілі тірі қалу үшін жасанды интеллект тіліне айналуы керек», – деп мәлім етті. Мемлекеттік тіл қалай жасанды интеллект тіліне айналады?

– Жасанды интеллект тілдердің кез келгенінде сөйлеуге дайын. Мәселе сол жасанды интеллектінің жаңа тілді игеруіне қажетті контенттің болуына келіп тіреледі. Жасанды интеллектінің негізі – контент. Егер қазақ тілінде интернетте жеткілікті дәрежеде мазмұн болмаса және ол мазмұн өзге тілдерге байланбаса, жасанды интеллект қазақ тілін игере алмайды. Мәселен, ағылшын тілінде жетік жұмыс істеп тұрған жасанды интеллект қазақ тілін игеріп кетуі үшін ағылшын тіліндегі мазмұнға байланған қазақша баламасы көп болуы керек. Біз бұған дейін жасаған қазақ тіліндегі Wikipedia, Google не болмаса өзге де аударма жобалары жасанды интеллектінің қазақша түсінуіне көмектеседі.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтардың ағылшын нұсқасымен қазақша нұсқасы бір-бірімен өте тығыз байланысты, дәлме-дәл аудармасы. Сондықтан, осы оқулықтардың мазмұнын білетін жасанды интеллект қазақ тілін де игеріп кете алады. Осылайша, қазақ тіліндегі алгоритм пайда болады. Қазақ тіліндегі мазмұн интернетте көп болса, оның жасанды интеллект тіліне айналуы жылдам жүреді. Қазір біз қолданып жүрген ChatGPT-дің алғашқы нұсқалары 2021 жылға дейін интернетте болған мазмұнның негізінде құрылды. Қазір ол қазақ тілінде нашар жұмыс істеп тұрса, ол – 2021 жылға дейін біздің интернетке салған қазақ тіліндегі мазмұнның әлі жеткілікті дәрежеде болмай тұрғанының айғағы. Сан жағынан да, сапа жағынан да. Сондықтан, қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ тілінде жазатын, шығармашылықпен айналысатын тіл жанашырлары, азаматтар қолындағы бар мазмұнды интернетке еркін салып үйренуі керек және оны дамытуға күш салғаны дұрыс.

– Google, Яндекс және басқа да браузерлердегі аудармаға қатысты сын көп айтылады. Мұны жасанды интеллект бағытындағы жобалар арқылы жетілдіру қарастырылып отыр ма?

– Google болсын, Яндекс болсын, бәрі – машиналық аударма жүйелері. Машиналық аударма жүйелерін дамытудың негізгі амалы – ол аударманы адам үнемі түзетіп отыруы керек. Егер сіз Google-ға мәтін енгізіп, оның аудармасының қате екенін көрсеңіз, оны маман ретінде түзей аласыз. Ол үшін ешкімнен рұқсат алудың, арнайы білімнің керегі жоқ. Тіл білгеніңіздің өзі жеткілікті. Мұндай жүйелердің бір кереметі – олар бір уақытта мыңдаған адамның енгізген түзетулерінің арқасында тілді білу деңгейін көтереді, жетілдіреді, өзін-өзі дамытып отырады. Сондықтан аударма сапасы төмен деп айта берудің орнына сол қатені жөндеген абзал. Неге екенін қайдам, бізде адамдар қате көрсе, оны жариялап, көрсетуге, шағымдануға дайын тұрады. Бірақ ол қатені жөндеуге уақытын, күшін аяп қалады. Осы тұста тілге жанашыр ортаға үндеу айта кетсек. Осы жүйелердің сапалы әрі дұрыс жұмыс істеуіне мүдделі болсаңыздар, онда көрген қатеңізді жөндеп, оның дұрыс нұсқасын енгізіп қойыңыз. Кез келген жүйеде қателерді жөндейтін функционал бар. Түптеп келгенде, барлығы мазмұнға келіп тіреледі. Қазақ тіліндегі сапалы, қызықты, балалардың қызығушылығын тудыратын контентті көбейтуіміз керек. Ол негізінен аударма арқылы жүреді. Әрине, өзіміздің авторлар жазатын мәтіннің көп болғанын қалаймыз. Жазылып жатса, құба-құп. Ал ең оңай әрі төте жолы – дүниедегі ең үздік, ең жақсы деген мазмұнды аудару. Балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, жеке дамуға қажетті танымдық және ғылыми әдебиеттер көптеп аударылуы керек. Келесі қадам, бұған дейін айтқан білім беру жүйесі. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесін жетілдіру, соның ішінде, мұғалімдерге әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсету. Біз қазір Оқу-ағарту министрлігінің мамандармен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірге осы мәселелерді қарап жатырмыз. Қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесіндегі классикалық және жаңа ұстанымдар арасында баланс табу, кейбір қазір көп қолданылмайтын, бірақ кезінде көп нәтиже берген шығарма жазу, мәнерлеп оқу, диктант жазу секілді құралдарды кеңінен қолдансақ деген ұсыныс айтылып жатыр. Сондықтан осы бағытқа ден қоямыз.

– Жақында Президенттің қабылдауында болдыңыз. Ол кездесуде «Қазақ тілі» қоғамының қуатын толық пайдалану туралы Мемлекет басшысына есеп бергеніңіз белгілі. Енді өзіңіз жетекшілік етіп отырған қоғам қандай істерге қауқарлы екенін айтып берсеңіз және Мемлекет басшысы қандай жобаларды қолға алуды тапсырды ?

– Мемлекет басшысы бірінші кезекте тілдің дамуына көмектесетін нақты жобаларды жүзеге асыруды міндеттеді. Яғни, бізде талқы көп, ұсыныс көп, идеялар көп. Бірақ соларды іске асыру жағы ақсайды. Сондықтан «Қазақ тілі» қоғамының негізінде тілдің дамуына қажетті нақты жобаларды іске асыру туралы тапсырма алдық. Соның ішінде балалардың тілін қазақша шығаруға, ары қарай білім алып, азамат ретінде өсіп, жетілуіне қажетті мазмұнды көбейтсек деп отырмыз. Ол, әсіресе, интернетте көп қолданылатын платформаларда еркін тұрса дейміз. Келесі мәселе – бәріміз көп қолданатын технологиялық құралдар, IT шешімдер арқылы қазақ тілін дамыту. Біз Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин мырзамен келісімге келдік. Ол біздің қоғамның төралқа мүшесі. IT саласындағы қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге, қазақ тілін оқуға, сауатты жазуға көмектесетін IT-стартаптарды жеке қолдауға жұмыс істейтін арнайы қор құру жоспарланып отыр. Осы бағыттағы ұсыныстарды, мамандардың талап-тілегін ескере отырып, оны ары қарай кеңейтуге және дамытуға тырысамыз.

– Күні кеше Тіл саясатын дамытудың 6 жылдық тұжырымдамасы бекітілді. Онда 2029 жылға қарай республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі 84%-ға жететіні жазылған. Бұл мүмкін меже ме?

– Әрине, мүмкін. Қазір оқушылардың 75%-ы мектепті қазақ тілінде тәмамдап жатыр. Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің төрттен үші қазақ тілінде білім алып жатыр. Сондықтан аталған пайыздық межеге жету ғана міндет болса, оны жасау қиын емес. Бірақ, біз үшін маңыздысы – осы 75% мектеп оқушысы не болмаса ертең қазақша сөйлеуі тиіс 84% азаматтың қазақ тілін қаншалықты жетік білетіні, қазақ тілінде еркін сөйлеуі және сауатты жаза алауы. Менің ойымша, біз осыған ден қоюымыз керек. Қазір жалпы қазақша білемін дейтін адам көп. Бірақ, олардың басым көпшілігінің қазақша сауатты жазуға, қазақ тілінде мазмұн құрастыруға, қазақ тілінде маман ретінде еркін сөйлеуге қауқары жоқ.

Мектеп оқушыларының білім сапасын тексеретін PISA деп аталатын халықаралық зерттеу жүйесі бар. Соның бір бағыты оқушылардың оқу сауатын өлшейді. Қазақ мектебіндегі оқушылардың 64%-ы өз тілінде, яғни, қазақ тілінде оқитын балалар, қазақ тілінде оқыған мәтінін түсінбейді, оқыған дүниесінің негізінде ой қорытып, не ауызша, не жазбаша жеткізе алмайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан бізге дәл қазір өзге тілде сөйлейтін ортаны қазақ тіліне тартудан да маңыздысы – қазақ тілінде сөйлейтін ортаның сөйлеу және жазу мәдениетінің сапасын көтеру. Кез-келген ілгері ұлт, әсіресе интелектуалдық тұрғыдан жоғары тұрған ұлттар өз тілінде көп жазады. Мағына мен мазмұн құрастырады. Кез-келген мықты ұлт ең әуелі шығармашылық пен ғылымдағы ана тілінің қолданысын ілгерілететін ортаның әлеуетімен күшті. Бізді мазалайтыны және ойландыратыны – қазіргі қазақ қоғамында өз тілінде шығармашылықпен, ғылыммен айналысатын, әдемі, еркін және сауатты сөйлейтін ортаның барған сайын тарылып бара жатқандығы. Менің ойымша, біз осыған мән беруіміз керек.

– «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілінің мәртебесін халықаралық деңгейде қалай қорғамақ?

– Халықаралық деңгейде қазақ тілінің мәртебесін қорғаудың амалдары, бағыттары көп. Оның бір бағыты – үлкен-үлкен тілдермен байланысты күшейту. Ол байланыстың ең негізгі құралы – сөздіктер. Президентке кірген кезде соңғы 4 жылда жасаған үлкен еңбегіміз – Oxford Qazaq Dictionary деп аталатын ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын сөздігін таныстырдық. Бұл 60 мың сөз, 500 мың сөз тіркесін қамтитын қазақ-ағылшын тілдерін байланыстыратын ең ілгері сөздік дей аламыз. Ол дүниежүзінде сөздік шығаруда ең беделді саналатын Oxford университетінің баспасының сөздік құрастыру технологиясы негізінде жасалды. Oxford университетінің Oxford Global Languages деп аталатын үлкен бастамасына да қосылып жатырмыз. Яғни, дүниежүзіндегі ең ірі деген 100 тілдің лексикалық қорын өзара байланыстыру арқылы ғаламдық лингвистикалық корпус дайындалып жатыр. Сол үлкен жобаның ішіне қазақ тілі де енді. Бұл жасанды интеллектінің де қазақ тілін жетік, жақсы меңгеруіне көмектеседі. Бізге тілдің әдістемелік инфрақұрылымын күшейтетін сөздіктер, анықтамалықтар, лингвистикалық құралдарды өзге тілдердегі тәжірибемен тығыз байланыстыру керек.

Екіншіден, ғаламдық платформаларға қазақ тілін қосу және оның кең қолданылуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Одан кейін шетелдегі қазақтардың ортасы кеңейіп жатыр. Солардың бастамасымен сол елдерде тіл оқыту орталықтары мен тіл мектептері ашылып жатыр. Біз сондай бастамаларды қолдауымыз керек. Мәселен, жақында Дубай қаласында қазақ тілін оқытатын және мәдениетін насихаттайтын орталық ашылды. Біз оларға әдістемелік тұрғыдан көмек бердік. Кітап, оқулықтар жібердік, біздің платформаларға, технологиялық шешімдерге жол ашып бердік. Ол жерге келіп, сонда тұратын қазақтардың балалары мен олардың ата-аналары тіл оқуға мүмкіндік алды. Біріккен Араб Әмірліктерінде 10 мыңға тарта қазақ тұрады. Тура сондай бастама Америкада бар. Тіпті Сингапурде қазақ-сингапур бизнес кеңесі құрылған. Бұл тікелей біздің елшіліктің жанындағы мекеме емес. Бөлек, сонда жұмыс істейтін, сонда тұратын, қазақ азаматтарының бастамасымен құрылған ұйымдар. Біз осындай орталықтарды кеңінен қолдауға тырысамыз.

– Қазір көбіміздің баламыз орыс тілінде сөйлейді, тілі орысша тез шығады. Бұл біздің қазақша сөйлеп жүргенімізге байланысты болмай тұр. Осы орайда ес білгеннен қазақ тілінде ойлайтын бүлдіршіндер буынан қалай қалыптастырамыз?

– Иә, шынында да, қазір балалардың тілін қазақша шығару, әсіресе қалада, орысша сөйлейтін ортада тұратын болса өте күрделі. «Бұл біздің қазақша сөйлеп жүргенімізбен байланысты болмай тұр» деген ойыңызбен келісе алмаймын. Қазақ тілі біздің – ана тіліміз. Ата-анасы баласымен қай тілде сөйлессе, оның тілі сол тілде шығады және сол тілде дамиды. Сондықтан, сырттан келетін мазмұн өзге тілде болғанына қарамастан, балалардың ана тілін меңгеруіне ата-анасы жауапты деп ойлаймын. Әрине, медиа, мемлекеттік ақпарат құралдары, соның ішінде, біз секілді қоғамдық қорлар балалардың қазақша сөйлеуіне көмектесетін, тілінің қазақша шығуына қолдау жасайтын құралдарды көбейтуі керек. Біз балалардың тіліне де, тәрбиесіне де көмектесетін дүниежүзіндегі ең мықты, ең танымал анимациялық фильмдердің қорын қазақша аударып, оның қолжетімді болуын қамтамасыз етпекшіміз. Мұны биыл бастаймыз. Оның ішінде жапондардың тәрбиелік мәні бар, біздің дәстүрлі құндылықтарға жақын дүниелерді таңдап алып жатырмыз. Тек жапон ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттайтын өзге елдердің де балалар әдебиетін қазақшалап, мазмұн қорын көбейтуге жұмыс істейміз. Балабақша мен бастауыш мектептегі тіл мен әдебиет пәндерін оқыту құралдарын жетілдіруге, көбейтуге атсалысамыз.

– Рауан Кенжеханұлы әңгімеңізге рахмет!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!