«Барсакелмес» қорығында орналасқан сексеуілді орманды алқаптың көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Өңірде аса маңызды саналатын бұл аумақты орманшылар мен мемлекеттік инспекторлар сәт сайын бақылап, күндіз-түніқорғауда. Осы орайда «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ директоры Хамит Мәмбетқалиұлымен тілдескен едік.
− Хамит Мәмбетқалиұлы, «Барсакелмес» қорығының экологиялық апат аймағында орналасқан жалғыз қорық екенін білеміз. Қазір қорықтың территориялық құрылымы мен кластерлік сипатында өзгерістер бар ма?
− Иә, ол – Еуразиядағы қоңыржайбелдеудіңсолтүстік және орта нағызшөлдерініңэкожүйелерін қорғайтын бірден-бір және жаһандық масштабтағы экологиялық апат аймағында орналасқан қорық.
2020 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес қорық көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін қосу арқылы ұлғайды.Қазір жалпы аумағы 163 126 гектарды құрайды. Сырдария өзенінің құяр сағасы Қазақстанның сулы-батпақты өңірлерінің ішінде маңызы бойынша төртінші орында және ол биоәркелкелігімен ерекшеленеді. 2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің құяр сағасы Халықаралық Рамсар конвенциясымен қорғалатын сулы-батпақты өңірлер тізіміне енгенін білесіздер.
Бүгінде Барсакелмес 3 кластерлік учаскеден тұрады.Қорықтың бұрынғы аумағы мен теңіздің кепкен табаны «Барсакелмес» учаскесікіреді. Екіншісі − «Қасқақұлан»учаскесі. Бұл жер құландардың қазіргі кездегі мекен ету орны және теңіздің кепкен табанында өсіп шыққан табиғи сексеуіл тоғайларының үлкен массиві болып табылады.Үшінші аймақ «Дельта» учаскесі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасында орналасқан.
− Қорықтағы әрбір табиғи байлық көздің қарашығындай қорғалуда. Орманды алқап қанша аумақты қамтиды? Аралдың тартылуы, жалпы экологиялық жағдай өсімдіктер флорасына қалай әсер етуде?
− Қорық аумағындағы сексеуіл ормандары 56 мың гектарды жерді алып жатыр. Қорықтың флорасы 325 түр жоғарғы өсімдіктерден, оның ішінде 16 эндемик және 5 түр Қазақстанның Қызыл кітабына енген түрлерден тұрады. Мысалы, Борщовтың әсем қызғалдақтары, Қандым бұталары, сексеуілдің қалың шоқтары және дала шөптеріне жататын: бұйырғын, жусан, адыраспан, рауғаш, итсигек, сексеуіл секілді сортаң түрлері көп.
− Арал теңізімен қоса Барсакелместің де әлем назарында екені рас. Осы орайда қандай халықаралық бағдарламалар бойынша жұмыс жасалуда?
− Қазір қорықтың ғылым, ақпарат, мониторинг және экологиялық ағарту бөлімі бес тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қорық міндеттерінің бірі – жаңадан қорғалатын аумақтарды ғылыми игеру және бұрынғы кезеңдердегі бақылаудың базалық мәліметтеріне негізделген мониторингтік зерттеу жүргізу.Қорық жыл өткен сайын Арал теңізімен бірге өзгереді, бірақ ол тартылып бара жатқан теңіздің табиғи жауһар тасы болып қала береді. Бүгінде «Барсакелмес» қорығы еліміздің алдынғы қатарлы ерекше қорғалатын аумақтарының бірі саналады. Өз қызметі барысында көптеген отандық және халықаралық ғылыми ұйымдармен – БҰҰДБ, Халықаралық Аралды құтқару қоры, Жапон Елшілігінің «Шөптер тамыры» бағдарламасы, ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы, Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясымен етене жұмыс істеп келеді.
− Алда орманшылардың кәсіби мерекесі. Мекемеде аталған сала мамандарына қандай жауапкершілік жүктеледі?
− Жылдың қай мезгілінде де табиғатқа жақын орманшыларға артылар сенім мен жауапкершілік жүгі үлкен. Оларормандыжаңарту, сақтау, қорғау, орманды күту шарасымен қоса әр түп сексеуілдің жағдайын бақылап, зиянкестермен күреседі. Кейде сексеуіл өсімдігінде қандай да бір өсімдік аурулары пайда болса, қорыққа ғылыми институттардан арнайы мамандар шақырылып,кеңес өткізіледі.
− Биыл еліміз бойынша орман өрті жиі қайталанды. Қорықта осындай қауіпті сәттер орын алды ма? Табиғи апаттың алдын алу үшін қандай шаралар қарастырылған?
− Бір қуантарлығы, осы жылы ешқандай да өрт жағдайы тіркелген жоқ. Бірақ сексеуілді орманды аймақ өрт қауіптілігі жоғары орын саналады. Себебі біздің аумақтың табиғатында жаз өте ыстық және бұл уақыт ұзаққа созылады. Сондықтан өрт қауіптілігінің жоғары кезеңі деп сәуір мен қараша айы аралығын есептейміз және жағдайды барынша қатаң бақылауда ұстаймыз. Биыл орман өртінің орын алмауы орманшылар мен мемлекеттік инспекторлардың абыройлы да тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп ойлаймын.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!