Фото: rv-ryazan.ru

− Мәке, соңғы жаңалықтарды естідің бе? Әйел мен балаларға жасалған қылмыс үшін жаза күшейтілді.

− Иә, иә. Күні кеше әлеуметтік желіден оқыдым. Ал сонда біздің құқықты қорғауға арналған заң жоқ па екен? − деп тәтті шәй үстінде әңгімелесіп отырған екі ағайдың диалогын естіп қалдым. Бұл шамамен бір ай бұрын еді.

Қысқа әрі мәнді әңгімеге құлақ түріп, ер адамның, әкелердің қоғамдағы орны туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Адамзат тарихының ең көне кезеңдеріне үңілсек, ерлердің рөлі ертеден айрықша болғанын байқаймыз. Ежелде ұл балалар аңшылықпен айналысып, ру мен қауымды азық-түлікпен қамтасыз етуге жауапты болған. Ал орта ғасырларда олардың миссиясы одан әрі күрделене түсті. Жауынгер ретінде майданда ерлік көрсетіп, қасық қаны қалғанша Отанын қорғады. Саясатты да қатар алып жүріп, басқарушы тұлға рөлінде маңызды шешімдер қабылдауға ықпал етті.

Индустриализация дәуірі басталғаннан кейін ер адамдардың еңбегі өндірістік секторда айқындала түсті. Олар зауыт, шахта және құрылыста еңбек етіп, экономиканың қозғаушы күшіне айнал- ды. Жігіттердің тарихтағы рөлі әрдайым қоғамның дамуы мен өзгеруіне тікелей ықпал еткен. Әр дәуірдегі міндеті мен жауапкершілігі заманына сай өзгеріп отырса да, олардың маңызды орны ешқашан жоғалған емес.

Ертеден-ақ ер адамдарға деген сыйластық ерекше. Олардың сөзін жерге тастамау, кеңестеріне құлақ асу – қазақ қоғамындағы ұстанымдардың бірі. Жігіттер өздерін ерлікке, адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеп, қоғамның сеніміне ие болуға тырысқан. Халқымыздың бай тарихы мен мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерге негізделеді. Ер адам – жігер мен алып күштің символы. Ел басына күн туғанда негізгі басымдық ерлердің мойнында болған. Бұл −ерте заманнан қалыптасқан мәнбі. Ерліктері жыр-дастандарда, эпостарда жырланып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жетті.

Беркініп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жаурын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан жауына
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Ерлердің ісі бітер ме? − деп жырлаған еді Махамбет Өтемісұлы.

Әкенің сөзі қасиетті һәм құдіретті. Әке – өмірдің мәні мен мағынасын ұғындыратын, жүректі терең тебірентетін даналықтың көзі. Айтқан әрбір сөзі − болашаққа бағыт-бағдар беретін шамшырақ, ұрпаққа қалдырылған ұлағатты мұра, жүрекке жететін ізгілік пен мейірім. Ақыл мен парасаттың, өмірлік тәжірибенің қайнар бұлағы. Оның «балам, жақсылық жаса, адал еңбек ет, өзіңді сыйла» дегені кеңес қана емес, рухани тәлім-тәрбие.

Қазақта әкенің мәртебесі әрқашан биік есептелген. Бұған тарих тақтасы дәлел. Мұхтар Әуезовтың туындысы «Абай жолында» Құнанбай мен Абайдың байланысы, отбасындағы әкенің орны ерекше суреттелген. «Әке балаға сыншы» демекші ақсақалдар мейірімі мен махаббатын сын түрінде де жеткізуді ұмытпаған. Мәселен Шоқан Уәлиханов 3 жасында хат таныған. Әділдікті ұран еткен билер алғашқы мүшел жастарында-ақ ел ісіне араласқан. Мұның барлығы баланың өміріндегі әкенің рөлі емес пе?

Мұндайда «шарықтап кетсем дағы қанат қағып, Өзіңдей қамқор адам қайда маған?!» − деген өлең жолдары ойға оралады.

Әке мен бала арасындағы қарым- қатынас құндылықтардың айқын көрінісі. Ол – отбасының тірегі, балаларына өмірлік бағыт-бағдар беретін ұстаз. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, әкесімен жақын қарым-қатынаста өскен балалар өз-өзіне сенімді, жауапты және эмоционалдық тұрақтылығы жоғары болады.

«Әкелі бала жаужүрек, жиын-тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін, әкесіз бала – сужүрек, жиын-тойға барады, босағада қалады» деген Бұқар жыраудың өнегелі сөзі бала тәрбиесінде әкенің орны маңызды екенін нақтылайды. Отбасындағы ер адамның балаларымен өткізген уақыты, жұбайымен қарым-қатынасы отбасылық бақыттың кілті екені сөзсіз.

Әлемде жүздеген мамандық түрі бар. Бірі алып ғимараттар салса, бірі жаһандық мәселелерді шешеді. Қиын мамандықтар тізбегіне жатпайтын, тіпті бағаланбайтын, бірақ сұранысқа ие мамандарды шаң қаптыратын сала − ата-ана болу, бала тәрбиелеу.

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан деседі.

– Құранның өзінде жазылғандай, әйел заты әлсіз әрі қорғансыз, сол себепті еркегінің қорғауы мен тәрбиелеуіне мұқтаж. Сондықтан да, әрбір отбасында еркек өзінің ілім-білім дәрежесін көтеріп, сол ілімімен әйелін, жалпы отбасы мүшелерін сусындандырып, рухани азық беріп отырса, сонымен қатар материалдық азықпен де қамтамасыз етіп отырса, әйелі сол ерінің берген азықтарына ие болып отырса, сонда ғана шаңырағы биік, керегесі берік бір отбасы болмақ. Себебі, әйелдің және отбасы мүшелерінің иманы, рухани ілімінің деңгейі отағасына байланысты. Отағасы сөзінде мынаны да жиі айтушы еді: «Ер тал – болса, әйелі – шырмауық. Тал неғұрлым биік өссе, шырмауық та сол талды бойлай биікке өрлейді. Ал тал тапал болса, шырмауық та сол талдың деңгейінде ғана болмақ. Алайда, талсыз жерде, аяқ астында жайылып жатқан шырмауықта сән де, мән де болмайды». Міне, ендеге отбасындағы ер азаматтың рухани деңгейі неғұрлым биік болса, жарының да рухани әлемі соғұрлым бай болмақ.

«Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағыларға жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам – отбасының бақташысы. Әйел – ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар», – деген. Бұл хадисте еркектің отбасына, әйелі мен балаларына басшы екені, ал, әйелдің балалары мен күйеуінің тапқан дүние-мүлкіне басшы екені айтылады. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, еркегі өзінің басшылық қызметін атқара алмай оның орнына әйелі басшылық қылып отырған отбасылар да көп. Қазақта «қатын бастаған көш оңбас» деген сөз бар. Міне, осындай отбасылардың тіреуіші аласа болғандықтан, шаңырақтың пердесі сүйкімсіз көрінері сөзсіз.

Осынау отбасы деген кішкентай мемлекеттің патшасы өз орнында отырып, әйелін өз орнына тағайындаса, осы бір мемлекеттің шаңырағы биік, босағасы берік, болашағы жарқын болары хақ.

«Жақсы әйел күйеуін хан қылады, жаман әйел күйеуінің басын даң қылады» дейді қазақ. Жаман әйел болып, күйеуіміздің басын даң қылудан сақтап, қазақтың салихалы анасы, инабатты, ибалы келіні болып, күйеуімізді Хан қылып отыруды жазсын Алла! – деді қазақ келіні.

«Әкеге қарап ұл өсер». Қанға сіңген қасиет бүгінде осы нақылмен өрнектеледі. Ұлдың болашақта ер-азамат ретінде өз әкесінен қандай қасиетті сіңіріп өсуі керек? Жалпы, әке мен бала арасындағы байланыста не нәрсе маңызды? Осы сауалға жауап іздеу барысында психолог-маманмен әңгімелескен болатынбыз.

− Әке мен бала арасындағы байланыс ұл баланың тұлғалық қалыптасуына, болашақта әке ретінде өз рөлін атқаруына үлкен ықпал етеді. Әкеден балаға жауапкершілік, құрмет, еңбекқорлық, қамқорлық сынды қасиеттер дариды. Себебі бала көргенін жасайды. Егер отбасындағы ер адам сүйіспеншілік көрсетіп, адал еңбек етуді, үлкендерге құрмет пен өз міндетін орындауды көрсетсе бала да автоматты түрде икемді болады. Екеуінің арасындағы маңызды аспектілердің бірі – қарым-қатынас. Өз ойларын еркін жеткізіп, сезімдерімен бөлісу маңызды. Бірақ қоғамда, кей отбасыларда мұндай үрдіс жоқтын қасы. Сондай-ақ бланың қызығушылығы мен талпынысын қолдап, жетістіктерін мақтау қажет. Бұл да баланың болашақтағы өміріне оң әсер етеді,− деді психолог Ә.Мәди.

Қоғамдағы әке мен бала қатынасының деңгейін нақты анықтау мүмкін емес. Себебі әр ортада, әр отбасында әкенің рөлі әртүрлі. Ертеде «әкең келе жатыр», «балам, әкеңмен ақылдас», «әкеңнің жейдесін жоғары көтеріп қой» деп перзентіне жай сөзбен-ақ әкенің орнын жоғары екенін ұғындыра білген. Бұл − әкенің мысы. Ол − тәрбиелеу. Ал бүгін әке құндылығы, әке мысы көбіне табысының көлемімен өлшенетіндей. Мүлде орны ауысты деуге келмес, алайда «ер азамат белгісі – түзде мырза, үйде құл» деген ұғым жайлап бара жатқандай. Тіпті түзде де әйелдер мырза секілді… Ашығын айтсақ, бүгінде гендерлік теңдік ұғымы ауқымды күйге енді. Ер мен әйел теңдігі адами құқықтарға байланысты тең болғанымен, кейбір жауапкершіліктерге, отбасылық принциптерге байланысты әр алуан. Бізде әйелдер қауымы ерлердің одағына ілесеміз деп, ал ерлер одан ілгері тұруды көздейтін жағдай болып жатыр.

− Гендерлік теңдік – күрделі әрі көпқырлы ұғым. Ол адам құқығының теңдігін, әлеуметтік экономикалық және саяси теңдікті қамтиды. Бүгінде бұл өршіген әрі өрбіген мәселеге айналды. Өзіңіз айтқандай «әйелдер қауымы ерлердің одағына ілесеміз деп, ал ерлер одан ілгері тұруды көздейді». Жалпы алып қарағанда бұл дамудың белгісі секілді. Әйелдер дамып, өз қажеттілігін өздері орындап, тәуелсіз болуға ұмтылуда. Сәйкесінше ер-азаматтар да қалыс қалмай, отбасының жағдайын жақсарту үшін 2 есе жұмыс істеуде. Бірақ бұл барлық шаңырақта емес қой. Жалпы бұл жердегі даму қажеттіліктен туындауда. Сол себепті бірінен-бірі озуды қалайды. Ер мен әйел адам бірдей құқыққа ие. Білім алу, жұмыс, денсаулық сақтау және басқа да салалар бойынша екі тарап та тең құқылы. Бұл заң аясында да бекітілген.

Отбасылық өмірге ойыссақ, ер мен әйелдің міндеттері мәдениет, дәстүр және жеке келісімге байланысты әртүрлі болмақ. Дәстүрлі түрде әйел адам бала күтімі мен үй шаруашылығына жауапты, ал азаматы түзде. Бірақ бұл рөлдер расымен де өзгеріске ұшырауда. Бұл жерде дұрыс не бұрысдеуге болмайды. Себебі әр отбасының құндылығы, мақсаты әртүрлі, − деп атап өтті Әсел Мәди.

Қазақта ер адамды шаңырақтың иесі десе, әйелді алтын қазығы деп санаған. Саналы түрде отау құрған жастар отбасының «пультін» басқаруға құмартып, дәрежелерін теңеуге тырысады. Осындай картинаны көргенде Зейнеп Ахметованың мына сөзі еске түседі. «Ер мен әйел теңелген кезде дүниенің шырқы бұзылады. Құдайдың өзі екеуін екі әлем қылып жаратқан. Екеуі бірігіп бір бүтін болып ұрпақ өрбітеді. Екеуміз теңбіз, бір баланы сен ту, бір баланы мен туайын демейді ғой. Ер азамат пен әйелді тең болады деу – ақымақтық». Қазақ бабам «екі жарты – бір бүтін» деп бекер айтпаған.

Ал имам Икрам Бақытжан өз мақаласында:

− «Әйел мен еркек теңдігі» мәселесін қанша шулатқанмен, шындап келгенде, жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Алла Тағала еркек-әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел немесе еркек етіп жаратар еді. Еркек пен әйел табиғатындағы өздеріне тән ерекшеліктерімен екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Сол себептен, әйел еркектен жоғары немесе төмен деу, жалпы алғанда, дұрыс айтылған сөз емес. Әрқайсысының қоғамда өзіндік орны бар. Әрбірі соны дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам пайда болады.

Құранда «еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» делінген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс», − дейді.

Өткен жылы күнтізбедегі мерекелік күндердің қатарына «Аналар» және «Әкелер күні» қосылды. Міне биыл екінші рет маусымның үшінші жексенбісі елімізде әкелер күні ретінде атап өтілді. Елімізде 2012 жылы «Әкелер одағы» қауымдастығы құрылған. Бүгінде ұйым қатарында мың әке бар. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесінен бөлек, 14 қараша халықаралық ерлер күні деп бекітілген. ЮНЕСКО тарапынан қолдау көрсетілетін бұл күні медиа кеңістікте жігіттер қауымына қатысты өзекті мәселелер талқыланады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылы Қазақстанда 3515 адам өзіне қол салған. Оның ішінде 2765-і ер-жігіт. Осы деректегі 2075 ер адам бұл әрекетке сау күйінде шешім қабылдаған. Психологиялық тұрғыдан қарасақ стресс пен депрессияға ер азаматтар бейім екен. Бұған да себеп бар дерсің. Мұндайдың басы қоғамдағы қатып қалған стереотиптерге тірелетіндей. Ер адамның 25 жасқа дейін қаржылық жағдайы жақсы, көлігі мен үйі болуы шарт деген түсінік шегедей қадалған. Сондай-ақ, жасөспірім шағынан «сен мықты болуың қажет», «әлсіздігіңді көрсетпе» деп санасына бекітілген сөздер де бар. Қош. Бәлкім мұның барлығы шынымен ер азаматқа тән қасиет дерсіз. Бәлкім тәні мен табиғаты һәм заңдылығы осындай дерсіз. Бірақ ер-азаматтың да адам екенін естен шығармаған абзал.

Ер адамды түздің адамы десек, бұрынғының әпсанасын айтқандай боламыз. Өйткені бүгінде ер-азаматтар айлап, жылдап үйіне келмей жұмыс істеп, нәпақа табатын уақыттан өттік. Содан қалыптасқан сана ма екен, кей ерлер қауымы отбасына жақын болған сайын өз агрессиясын, теріс қылықтарын отбасына көрсетеді. Рас. Соның кесірінен отбасы бұзылып, қоғам бүлініп жатыр. Әрине оның барлығы бір ғана ерлердің әрекеті деуден аулақпыз, десе де, онда белгілі бір үлесі бар. Тақырыпқа тікелей қатысты сұрақ болсын деп психологқа «ер адамның осы секілді менталды психикалық күйі қандай болуы керек және өзін тәрбиелеуде неге мән бергені жөн?» деген сауал жолдадық.

− Өте орынды және ауқымы кең сұрақ. Қысқа әрі нұсқа жауап беруге тырысайын. Жалпы эмоция барлық адамда кездеседі. Бірі жақсы басқара алса, бірі сезімдерін шамадан тыс сыртқа шығарып, тіпті агрессия туындатады.

Бұл жерде тек ер адам ғана емес, жалпы адамдар өзін тәрбиелеуде және менталды психикалық жай-күйіне мән берулері маңызды.

Ең бастысы – эмоционалды тұрақтылық. Бұл дегеніміз ер адам өз эмоциясын бақылап, ашу-ызаны басқара білуі қажет. Бұл өзіне, отбасына және айналасына зиян тигізбеуге көмектеседі. Эмоцияларды ұстап қалу немесе ашық көрсетуде тепе-теңдікті сақтаған абзал. Бұл баланс жеке өмір мен жұмыста да ауадай қажет. Демалу, хобби және спорт стрессті төмендетуге көмектеседі. Ал өзін тәрбиелеуде тану, қабылдау, өзін реттеу процесі және эмоционалды интеллектінің болғаны маңызды, − дейді маман.

Тақырыпқа арқау болған заңға көшсек. Иә, расымен ер-азаматтарға арнайы бекітілген құжат жоқ. Бірақ бұл олардың адами құқығын жоққа шығармайды. Мәселеге басынан қарасақ. Әйел мен балалардың құқығын қорғау туралы заң не үшін қолға алынғанына мән берейікші. Себебін өзіңіз де білесіз…

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қоғамда мықты, табысты кәсіпкер бірақ баласына 5 минутын қия алмайтын әке бар. Қолына ұстағаны шылым мен боқтық сөзі «мәңгі досына» айналған әке бар. Жұмысы мен отағасы «лауазымына» үлгеріп, ізінен ерген перзенттеріне тәлім-тәрбие беріп жүрген әке бар. Бес саусақ бірдей емес.

Ер адам – алдымен отбасының демеуі. Ал отбасында әкенің маңызын ұғынып, қазақы тәлім алған бала өскенде «жер» болмасы анық. Баланы ілім мен ғылымға баулитын, дұрыс пен бұрысты тануды үйрететін, тұлға ретінде қалыптастыруда ұстаз бола алатын әкелер көбейгенде қоғамда парасаттылық билейді. Ал мұндай ортада әр адамның рөлі мен маңызы зор болмақ. Сондай-ақ, ер-азаматтың қоғамдағы орнын топшыламай, алдымен оның өз отбасындағы рөлін айқындау қажет. Жары мен балаларына үлгі бола білген адам, әрине, назардан тыс қалмайды.

Жоғарыда ата-бабалардың ерлігі, қоғамдағы орны мен бала алдындағы рөлі туралы айтылды. Сол кезеңнің тәрбиесі қазір де кей шаңырақта көрініс табатыны қуантады. Мақсатымыз біреудің маңызын төмендетіп яки даттау емес. Тек айналадағы шындықты жеткізу, пайымдау.

Халық даналығында айтылатындай, әке асқар тау, ана бауырындағы бұлақ, бала жағасындағы құрақ. Отбасы болам деп біріккен екі адам бір-бірімен ерегісіп, балалардың балалығын ұрламаса дейсің. Ер адамның «тәйт» деген бір сөзінде-ақ орасан күш бар. Тек сол сөз қуатты болу үшін отағасының өзі сенімді, адал азамат болу керек. Асқар тауымыз төбешікке айналмаса, ал мөлдір бұлағымыз лайланбаса әр перзенттің болашағы жарқын болары хақ.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!