Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында 292 мыңнан астам жылқы өсіріледі. Оның 5,5 мың асыл тұқымды, бұл – жалпы жылқы басының шамамен 2,4%-ы.

Ертіс-Баян өңірінде жылқы шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта жылқы саны 292 мыңға жетіп отыр. Соңғы жылдары мал басының тұрақты өсуі байқалады, жылына орта есеппен 7% – ға өсіп отырғаны тіркелді. Өңірде жылқы шаруашылығымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны мыңнан асады.

Ғалымдар алдағы 10-15 жылда еліміздегі қылқұйрықтылардың саны 10 миллионнан асады деп болжап отыр. Бұған еліміздегі жайылымдық жерлер мүмкіндік береді. Ендігі жерде қазақ жылқысының сапа тұрғысындағы көрсеткіштерін арттыру маңызды. 

жылқының жаңа типі
Фото: Валерий Бугаев

Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, Павлодар облыстық жылқы өсірушілер қауымдастығының төрағасы Төлеген Асанбаевтың сөзінше, павлодарлық ғалымдар мен жылқы өсірушілер бірлесе отырып, Таулы Алтайдан әкелінген Жаңаалтай жылқысының айғырын қазақтың биелерімен будандастырған. Жаңаалтайлық тұқымның генотипінде алтайлық, кеңестік, орыс, литвалық ауыр жүк тартатын жылқы тұқымдарының қаны бар. 

«Бұл тұқымдардың генетикалық потенциалы жоғары, тірідей салмағы 600-ден 1000 кг-ға дейін жетеді. Ал сүттілігі – 4 мыңнан 7 мың литрге дейін. Маңыздысы, бұл тұқым жыл бойы тебінді жайылымға бейімделген әрі бұл жағынан қазақ жылқыларынан кем түспейді. Егер осы қасиеттер қазақ жылқыларына дарыса, олардың сүттілік қабілеті одан әрі арта түседі. Өнімді бағыттағы асыл тұқымды жылқылар облыстың барлық өңірлерінде өсіріледі. Жергілікті жылқы тұқымдарының асыл тұқымды және өнімді қасиеттерін жетілдіру мақсатында шаруашылықтарда табындарда ұстаған кезде «Жәбе» типті қазақ тұқымының жоғары өнімді айғырларының қарқынды генетикалық мүмкіндігі қолданылады», – дейді ғалым.

жылқының жаңа типі
Фото: Валерий Бугаев

Облыста 5,5 мың асыл тұқымды жылқы бар, бұл – жалпы жылқы басының шамамен 2,4%-ы.

Дереккөз: KAZINFORM

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!