Фото: М.Қозыбаев университеті

Петропавлда Орталық Азиядағы ғылым, инвестиция және технологияны біріктірген алғашқы ірі кешенді жоба жүзеге асады, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қытайда өткен халықаралық білім көрмесі аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Білім министрлігінің, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өкілдері және Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобының делегациясы қатысты.

Кездесу барысында тараптар «Қазақстан-Қытай аграрлық технологиялар және экспортты дамыту технопаркі» жобасының жүзеге асырылу барысын талқылап, ауыл шаруашылығы, ғылым және инновация салаларындағы әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін қарастырды.

Технопарк Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасында құрылып, ғылыми зерттеулер жүргізіледі, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылып, жаңа технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынады.

– Жобаға СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған делегацияның Қытайға жасаған сапары негіз болды. Сол кезде Бейжің қаласында университет пен Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бір жарым жыл ішінде қытайлық компания Өзбекстан, Малайзия және Қырғызстанды қоса алғанда, бірқатар елдерде салыстырмалы талдау жүргізді. СҚО-ның ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін ескере отырып, жобаны дәл осы өңірде іске асыру туралы шешім қабылданды, – дейді университет өкілдері.

Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық тобы Хэнань провинциясындағы ең ірі мемлекеттік кәсіпорындардың және Қытайдағы жетекші аграрлық корпорациялардың бірі. Компанияның жылдық айналымы 20 млрд АҚШ долларынан асады, ал топ құрамына агроөнеркәсіптік қызметтің толық спектрін қамтитын 170-тен астам еншілес компания кіреді.

Қытайлық компания бұған дейін бірнеше елде зерттеу жүргізіп, нәтижесінде ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымы дамыған Солтүстік Қазақстан өңірін таңдады. Облыс әкімдігі тарапынан университетке 61 гектар жер телімі бөлініп, жобаға қажетті жағдайлар жасалады.

Жоба екі кезеңнен тұрады. Бастапқыда технопарк инфрақұрылымы қалыптастырылып, ғылыми-өндірістік база құрылмақ. Бұл кезеңде шамамен 10 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Құрылыс аумағы 35 мың шаршы метрді қамтып, оның ішінде зерттеу орталықтары, әкімшілік ғимараттар, қоймалар, жатақханалар және заманауи жылыжай кешендері салынады.

Сонымен қатар тараптар бірлескен кәсіпорын құрып, технопаркті басқару мен дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді көздеп отыр.

Жобаның негізгі бағыттарына селекция және тұқым шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру, цифрландыру, автоматтандыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ өнімді өңдеу және экспортты дамыту кіреді. Келешекте агроөнеркәсіптік кешенді тереңдетіп дамыту және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару жоспарланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!