Фото: ЖИ
«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген көне мақал бүгінгі қоғамның өткір мәселесін айқындап тұрғандай. Сөзбен қаруланған ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Заманауи технологиялардың қарыштап дамуының арқасында мәлімет алу мен тарату үрдісі де көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асуда. Алайда осынау мәлімет тасқынының адам санасы мен ой-пікірінің қалыптасуына тигізетін әсері мамандарды ойландыруда. Себебі ақпараттық шапшаңдық сананы жаулап алғанда, ол адамның зейіні мен психологиясын тұмшалайтыны сөзсіз.
Жаңалықтардың шексіздігі адамның психикасына зор ықпал етеді. Тәулігіне түрлі ақпаратты толассыз миға қабылдау адамның стресске түсуіне, шаршауына және күйзеліске ұшырауына әкеп соғады. Мұндай жағдайда мәліметті өңдеу уақыт өте қиындай түседі. Психологтардың зерттеулері көрсеткендей бұл шешім қабылдау қабілетіне де кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан адам санасының тереңдігі мен ойлау қабілеті жұтаңдайды. Мұндай құбылысты «popcorn brain» деп те атайды. Бұл термин ақпараттық ағынның үнемі жылдам өзгеруіне байланысты назар аудару мен ойлау қабілетінің әлсіреуін білдіреді. Нәтижесінде адамдар тек үстірт ақпаратты қабылдап, терең ойлау мен сараптау қабілетінен айырылуда. Бұған social media marketing мамандарының сөзі дәлел бола алады.
− Қазіргі кеңістікте адамдардың назарын аудару өте қиын. Себебі кез келген бағыттағы ауқымды материалдар, ақпараттар мен көлемі үлкен мәтіндер, тіпті 1 минуттан асатын роликтер әлеуметтік желі қолданушыларына қызық емес. Ал қысқа жаңалықтар адамдардың назарын бірден аудару қабілетіне ие, − дейді SMM маман Марал Орынбасар.
Сөздің күшін қаруға теңесек те, құдіретін ұмытқанымыз тағы бар. Себебі бүгінгі ақпараттық сұраныс шоу бизнес өкілдерінің жеке өмірі мен тұтынатын заттарында секілді. Бұл қоғамның деңгейін су бетіне шығарып тұрғандай. Ал мұндай кеселге қалай тап болдық?
Мәселенің басы қоғамның ақпаратқа шамадан тыс «тойып» қалуынан. Ал мұның себептерінің бірі − ақпараттық ағынның үздіксіздігі. Әлеуметтік желілер мен интернет басылымдарда күнделікті жарияланатын жаңалықтардың жартысы дерлік «сары басылым» сөздері. Бұған қоса аудитория тартудың түрлі жолы қолданылады. Осы орайда адамның миы ақпаратты тез қабылдап, тез ұмытуға бейімделеді. Нәтижесінде мазмұнды жаңалықтар мен маңызды тақырыптарды оқу қиынға соғады. Әрине, барлығы емес, бірақ «әттеген-айы» басым.
Қош. Ақпараттың көп екенін айттық. Бірақ бұл сылтау емес, мәселеге төтесінен барайық. Ақпаратқа «тойған» қоғамды, «медиатойымсыз» қауымға айналдыруымыз қажет. Бұ не дейсіз ғой.
Тойымсыз дегеніміз, ақпаратты сұрыптай алатын, өзіне қажетін алып, popcorn brain-нен бойын алшақ ұстайтын иммунитеті қалыптасқан, ең бастысы «білсем, көрсем, үйренсем» деп мазмұнды жаңалық іздейтін қоғам. Ал мардымды ақпаратқа сұранысты арттыруға алдымен ақпарат берушілердің өздері жауапты. Сайттар мен әлеуметтік желілерде сапалы контент ұсыну, оқырманның назарын аударатын қызықты әрі пайдалы материалдар жасау маңызды. Қоғамға шынайы, маңызды ақпарат ұсыну арқылы біз де олардың ақпаратқа деген сұранысын арттыра аламыз. Осы мәселеге байланысты сала маманының ойын білген едік.
− Халыққа жеңіл-желпі, арзанқол ақпараттың ұсыныла бастағанына біраз уақыт болды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ отандық баспасөз айдынында шындыққа жанаспайтын, жалған дақпыртқа құрылған газет-журнал қаптап кеткен болатын. Ол кезде жай ғана «жаңаша» ақпаратпен форматқа деген қызығушылықтан мұндай үрдіс белең алған сияқты. Сосын талғамды құлдырата берген соң, оның тұтынушысы да қалыптасып, кітап екінші орынға ысырылып қалғанының салдарын тартып келеміз деген ойдамын. Ал интернеттің шығуымен сенсацияға құмар сарыжағал басылымның аудиториясы мен форматы кеңейе түсті.
Кейінгі жылдары ол әр әлеуметтік желіге тіпті мықтап орнығып алды. Не үшін? Елең еткізер кликбейттер арқылы аудитория мен рейтинг жинау үшін. Ал аудитория назары көп ақша тұрады. Бірақ оның түпкі ниеті мен әдіс-тәсілдері дұрыс болмағандықтан, қалың бұқараның санасын біртіндеп улап, дезинформацияның құрбаны болуға итермелейтіні рас. Сол арқылы индивидтің дамуын тежеп, ел үшін маңызды факторлар еленбей, оқырманды оның орнына басқа нәрсеге алдаусыратады. Бұл туралы Нил Постманның 1985 жылы шыққан «Өлгенше сауық құру» (Amusing Ourselves to Death) деген кітабы да бар. Дамуы кенжелеп қалған елдердің көбінде бұқаралық ақпарат құралдары өсең аяң мен ойын-сауық контентке негізделген. Дамыған шет елдерде де бұл тәріздес сарыжағал басылымдар жоқ емес, бар. Бірақ олардың үні журналистік стандартты ұстанатын салмақты, сарабдал баспасөзден үстем емес. «Фаст-фудтың» зияны секілді, арзанқол, дақпырт ақпарат та тұтынушысына зардап әкелетінін ұмытпай, бұқараның ақпараттық талғамын арттыра берсек, ондай сегменттің үлесі азаяды деп үміттенемін, − деді журналистика бойынша PhD, Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы.
Адамдар күнделікті өмірдегі қиындықтар мен стресс әсерінен қашып, жеңіл әрі көңілді ақпарат іздейді. Шоу бизнес жаңалықтары бұл сұранысты толықтай қанағаттандырады. Белгілі тұлғалардың жеке өмірі, сән мен стиль туралы мәліметтер, түрлі қауесеттер мен оқиғалар әлеуметтік желілер мен сайттардың мазмұнын толтырады. Нәтижесінде, маңызды және мәнді жаңалықтар көлеңкеде қалады.
Сол секілді теріс эмоция тудыратын ақпараттардың да әсері көп. Жаңалықтардан тек қана жамандықты естіп, көрген адамдардың көңіл-күйі түсіп, өмірге деген қызығушылығы төмендейді. Сондықтан медиа өнімдер мен ақпаратты дұрыс таңдап, оны халыққа дұрыс жеткізу маңызды. Мәселен, Pew Research Center зерттеуі көрсеткендей, негатив жаңалықтар оң жаңалықтарға қарағанда 30%-ға жиі қаралады. Сол секілді әлеуметтік желіде ақпараттың атмосферасы тек той- жиыннан хабар береді. Бізде шынайы мәселе қозғайтын ақпарат көзі аз. Ақпарат құралдарының хайп қуалағаны дұрыс па әлде арзан атақ пен мыңдаған қаралымды көксемей, оқылымды ақпарат дайындау керек пе?
− Әрине, қоғам санасын салмақты, сараланған ақпарат қана дамытады. Мәселен, қазір дұрыс тамақтану деген тақырып трендте ғой. Әр ағзамызға дұрыс қорек баруы үшін дәрігерлер сапалы, пайдалы, табиғи азық-түлік тұтынуды ұсынады. Тура сол сияқты біздің миымыздың қорегі – ақпарат. Оның сапалы болуы сана-сезім үшін аса маңызды. Сол себепті ол мәселеге бей-жай қарау дұрыс емес. Әйтпесе тек негатив пен жалған ақпараттың тұрақты тұтынушысы болған азаматтарымыз депрессияға түсіп, өмірден түңіліп, жалған ақпараттық призманың құрбаны болуы да ықтимал.
Журналистика тәуелсіз, еркін болған сайын сапалы контентке сұраныс артып, оның жоғары стандарты қалыптаса бастайды. Ақпараттық гигиенадан бөлек, ақпараттық сауаттылық деген дағды да бұл қатердің алдын алуға көмектесер еді. Сонымен қатар журналистика әлемдік стандартқа сай дамып, объективтілік, шынайылық, теңгерімділік, этиканы сақтау сияқты талаптарды орындай отырып қоғамға қызмет ететін жағдай жасалса, ахуал бірнеше есе тез түзеліп, қоғамның ой-өрісі артары сөзсіз. Өйткені кез келген ақпарат қоғамдық пікірге әсер етеді. Ал қоғамдық пікір қоғамдық сананы қалыптастыратынын, қоғамдық сана өз кезегінде әр саналы әрекетке жетекші болатынын әсте ұмытпау қажет, − дейді Алма Сайлауқызы.
Расымен, ақпарат − шексіз мүмкіндік. Оны сұрыптап халыққа ұсыну, оқырманның еңсесін көтеріп, алға жетелейді һәм сараптай алатын қауым қалыптастырады. Ал қазір бұл мүмкіндік өзімізге беттеп тұрған суық қаруға айналғандай. Тапаншаның тұтқасы басылып, мәселенің өршігенін қаламасақ, қолдағы құралға абай болайық!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!