Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Жалағаш ауданы Таң ауылындағы «Таң LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
«Таң LTD» ЖШС биыл 3668 гектар жерге егін екті. Оның 1226 гектары күріш, 75 гектары қант құмайы, 379 гектары жаңа жоңышқа, 661 гектары ескі жоңышқа, 700 гектары жүгері. Серіктестік 300 тұрғынды жұмыспен қамтыған.
Премьер-министрдің орынбасары вегетациялық кезеңдегі қиындықтардан өту үшін барлық тиісті шаралар қабылдануы керек екенін айтты.
Еске салайық, су тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдайға тұрақты мониторинг және кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін барлық ауданда арнайы жұмысшы топтары құрылды.
Қазіргі таңда, барлық каналдан су алу кестесі бекітіліп, су кезекпен берілуде. Қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін облыста 324 насос қондырғысы қосылған.
Сондай-ақ, магистральді және шаруашылықаралық каналмен кезектестіріп су беру кестесі әзірленіп, осы кестеге сәйкес жұмыс атқарылуда, яғни жалпы егілген егістің 98%-ы кезекпен суарылуда.
Күріштің өсу фазасына сәйкес толық пісіп-жетілу уақыты 115-125 тәулік.
Жедел ақпаратқа сүйенсек, облыс бойынша егілген күріштің 8,8 мың гектары түтікке шығу, 37,1 мың гектары масақтану, 30,3 мың гектары гүлдеу, 4,7 мың гектары сүтті пісу фазасында.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!