Фото: Ақорда
KAZINFORM – Президент БҰҰ-ны жан-жақты реформалау жай әңгіме күйінде қалмай, ортақ басымдыққа және стратегиялық қажеттілікке айналуға тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы геосаяси тұрғыдан жікке бөлінудің күшеюі мен ірі державалар арасындағы сенімнің төмендеуі салдарынан БҰҰ мүмкіндіктері барған сайын шектеле түскеніне назар аударды. Сол себепті Ұйымды жан-жақты реформалау жай әңгіме күйінде қалмай, ортақ басымдыққа және стратегиялық қажеттілікке айналуға тиіс.
– Кез келген маңызды реформа БҰҰ Жарғысына сай іске асырылуы керек. Егемендік, аумақтық тұтастық және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуға тиіс, ешкімге артықшылық берілмеуі қажет. Сонымен бірге Жарғының кейбір ережелері ХХІ ғасырдың талаптарына сәйкес келмейді. Соның ішінде Ұйымға айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан Жапонияға және басқа да елдерге қатысты әділетсіздік бар. Әлем өзгерді, ал Жарғы осы өзгерістердің соңынан ілесе алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, келешекте құжаттың сенімділігі мен өзектілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент орта державаларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне кеңінен қатыстыруға шақырды. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кейінге ысыруға болмайтын өте маңызды міндет екеніне тоқталды.
Президент аталған орган қызметіне орта державаларды, Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды.
– Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар болған жағдайда араағайындық жасап, шешімдерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қазақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы бағытпен байланыстырады. Біз берік ұстанымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көпвекторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, елдеріміз арасындағы байланысты жолға қоюға зор үлес қосқан Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи ханымға ризашылығын білдірді. Президент оның «Орталық Азия және Жапония» саммитіне бастамашы болғанын еске салды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!