Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйледі. Жиын Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Нью-Йорк қаласына сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатқа қатысты.

Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан Президенті адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді.

– Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді. Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді, – деді Президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!