Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесі өкілдерімен кездесуде қазақстандықтардың сот шешіміне, құқық қорғау органдарына қатысты арыз-шағымы көбейгенін жеткізді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Сот және құқық қорғау жүйесінің мінсіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың сот шешіміне, қадағалау және құқық қорғау органдарының қызметіне арыз-шағымы көбейіп барады. Жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арызданады. Осындай өтініштердің саны азаяр емес.
Келіп түскен арыздардың сараптамасы соттың, полицияның және прокуратураның қызметіне қатысты шағым өте көп екенін көрсетеді. Бұл – аса маңызды мәселе. Оны шешуге сіздер тікелей атсалысуларыңыз қажет.
Уәкілдердің жұмысына ешкім кедергі келтірмеуі керек. Прокуратура, Үкімет және әкімдер бұл мәселені күн тәртібінен алу үшін оларға барынша қолдау көрсетуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Президент құқықтық сауат мәселесін көтергені хабарланған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!