Қала әкімі Асылбек Шаменов қалалық мәслихат депутаттары Жорабек Нұрымбетов, Талғат Телеубаев, Ғибрат Бәйсейітовті қабылдады.

Кездесу барысында депутаттар тарапынан өздерінің аумақ бөліністеріне сәйкес бірқатар қордаланған мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Жорабек Ибрагимұлы Тасбөгет кентіне емхана, спорт кешенін салу, Белкөл кентіне мәдениет үйі құрылысын жүргізу туралы ұсыныстарын білдірді. Депутат Ғибрат Мұратұлы Шанхай мөлтек ауданына оқушылар сарайын салу, КБИ мөлтек ауданындағы Мұнайшы көшесіндегі көп қабатты үйлерді кәріз су жүйесіне қосу мәселесін көтерді.

Депутат Талғат Рақымұлы Мүсірепов, 20 үйдің тұрғындары үйдің ауласына тренажер алаңын салу, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылығын дамыту, инклюзивті театрлар ашу, СПМК ауданынан Сұлтан Бейбарыс көшесіне шығатын шағын жаяу жүргінші жолын асфальттау, көп қабатты үйлердің бірінші қабатын кәсіпкерлік мақсатта алған кәсіпкерлер, аталған нысандарын сатқысы келген жағдайда құжаттарын рәсімдеуде көптеген кедергілерге кездесіп отырғандығын жеткізді.

Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы айтылған мәселелерді бірге талқылап, берілген ұсыныстар назарға алынып, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді. Алдағы уақытта қала Әкімінің депутаттық сағаты басқа да депутаттардың қатысуымен жалғасын табатын болады.Депутаттық сағатқа қалалық мәслихат хатшысы И.Құттықожаев, қала әкімі аппаратының басшысы Б.Ахмет қатысты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!