Дәстүрлі қалалық тамыз кеңесі өтті. «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: САПАЛЫ БІЛІМ, АДАЛ ҰРПАҚ, ТАБЫСТЫ ҰЛТ» тақырыбындағы кеңеске қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Орынша Міржақыпқызы, ұзақ жылдар білім саласында қызмет жасаған бірқатар ардагер ұстаздар мен осы салада аянбай еңбек етіп жүрген білім беру ұйымдары қатысты.
Орынша Міржақыпқызы ұстаздар қауымын алдағы білім күнімен құттықтап, «Ұлы қызметті ұлықтап, қиын да қастерлі салаға еніп, ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беруді мұратқа айналдырған ұлағатты еңбек иелері ұстаздар қауымы қашанда құрметке лайық. Талантты, дарынды шәкірттеріміздің қабілеттерін шыңдап, оларды қолдауға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалған бүгінгі қоғамда елдің атын шығарып, аймақ абыройын асыратын, өңірді өркендетіп, туған жерді түлететін білімді шәкірттеріңіз көп болғай» деді.
Кеңеске қатысушылар үшін арнайы көрме қойылып, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылардың өнері, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды.
Мұнан соң №7, №187, №235 мектептерде секциялық отырыс өтті. Онда алдағы жоспарлар және міндеттер талқыланды. Сонымен қатар секция жұмысына барлық педагогтар білім саласының ең маңызды мәселелерін талқылап, өз іс-тәжірибелерімен кеңінен бөлісті. Жиын барысында алдағы оқу жылын кәсіби бағдарлау, ұстаздардың біліктілігін көтеру, білім сапасын арттыру, рухани-патриоттық тәрбие беру сияқты тақырыптарда баяндама оқылды.
Баяндама оқыған ұстаздарға кәсіподақ комитетінің алғыс хаты табысталды. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін тамыз кеңесі – алдағы жоспарларды бағдарлап, міндеттерді айқындайтын маңызды жиын. Басты міндет – жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық, бәсекеге қабілетті болашақ қоғам иелерін тәрбиелеу.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!