Қазақстанның 17 облысында және Астана қаласында 17 ақпанға байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» болжамынша, 17 ақпанға қараған түні елордада аздаған қар жауады. Күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғып, күндіз екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақмола облысының солтүстігінде түнде қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ қалыптасады. Шығыс бөлігінде аздаған қар түседі. Күндіз өңірдің батысы, солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, бұрқасын мен көктайғақ жалғасады. Кей жерлерде желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Жетісу облысының солтүстігі, шығысы және таулы аймақтарында тұман түсіп, жолдар тайғақ болады. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде тұман күтіледі. Түнде және таңертең желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Атырау облысының батысы, оңтүстігі және шығысында да тұман түсіп, түнде жел солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшейеді.
Алматы облысының солтүстігі, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман мен көктайғақ күтіледі. Өңірдің шығысында желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, жаяу бұрқасын соғады. Көктайғақ пен тұман болуы мүмкін. Кей өңірлерде желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде таулы аумақтарда нөсер күтіледі. Жамбыл облысының таулы аймақтарында да түнде күшті жауын жаууы ықтимал.
Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Қызылорда облыстарында тұман түсіп, көктайғақ қалыптасады. Кей жерлерде қар жауып, желдің күшеюі мүмкін.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда сақ болуға, алыс сапарды шектеуге және қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
