Топырағын түртсең тарихы сөйлейтін Қазалы ауданының даму қарқыны көңіл қуантады. Қай салада болмасын ілгерілеушілік бар. Биыл да түйіні тарқатылған түйткілдер аз емес көрінеді. Бұл жөнінде бізге облыс әкімдігінің баспасөз алаңында Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет айтып берді.
БАҚ өкілдерімен кездесуде осы жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан әкімі әуелі жыл басынан тартылған инвестиция көлемінен хабар берді.
Айтуынша, негізгі көлемі 9 млрд теңгені құрап, нақты индексі 112,6 пайыз болып отыр. Ал есепті кезеңде жеке қаражат есебінен 5,2 млрд теңге тартылып, үлесі 57,8 пайыз болған. Бұдан бөлек, құрылыс жұмыстарының көлемі 16 пайызға артып, 4 млрд теңгені құрапты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 22993 шаршы метр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артық орындалған.
Биыл Қазалы ауданында халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Қазан айына жоспарлаған негізгі шараға дейін жыл басынан бері батыр бабаның ерлік істерін дәріптеп, өскелең ұрпаққа таныту мақсатында түрлі іс-шаралар өтті. Тіпті, ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш орнатып, баба кесенесінің аумағын абаттандыруға қаржы бөлінсе, батыр атындағы орталық көшеге абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар мерейтойға қарсы аяқталады.
Екінші Түркістан аталып кеткен ауданның кәсіпкерлік саласы қай кезде де алдыңғы қатарда. Мәселен, жыл басынан бері мұнда 5797 кәсіпкер тіркелген. Онымен қоса жаңадан 17 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 56 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Тарқатсақ, аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,1 млрд теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 107,8 пайызға орындалған. Саланың басым бөлігін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның көлемі 14,4 млрд теңге. Ал кәсіпкерлердің тарапынан 8,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 93,1 пайызға жеткен.
Кәсіпкерлікті қолдау шараларына келсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдары тарапынан 166 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 3 млрд теңге несие, грант қаражаты берілді. Сол секілді бөлшек сауда айналымы 7,1 млрд теңге болып, 4,1 пайызға көбейді.
Осы жылы аудан бойынша барлығы 17 029 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Осы жылы күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 250 гектарға кем орындалғанымен, есесіне суды аз қажет ететін басқа дақылдардың көлемі артқан. Атап айтқанда, жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 112 гектар, артық. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп, көкөніс, бақша дақылдарын қосымша егу үшін барлығы 281 адам бірігіп 146 гектар жерге дақылдар орналастырылды.
Ауданнан Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланды елдеріне 2351 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері яғни, 740,2 тонна күріш, 332,3 тонна балық, 1279 тонна қамыс экспортталды.
Қазалы ауданында бірнеше жылдан бері шешімін таппаған мәселе – 4 жолақты жол. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасындағы 7 шақырым жолдың жыры биыл аяқталады. Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылы басталған жол құрылысы бүгінге дейін тұралап келгенімен, ендігі ел игілігіне берілуге жақын.
Қарқынды құрылыстың жауапкершілігі мердігер мекеме – «Нұрлы-Тау» ЖШС-ға жүктеліпті. Жұмысын аяқтау үшін биыл бюджеттен 862 млн теңге бөлінген. Ендігі аудан тұрғындары жылтыр жолда жүйткуді күтіп отыр.
Аудан басшысы Мейрамбек Зинабдинұлының айтуынша, ауданда құрылыс жұмыстары жүйелі жүруде. Мәселен, биыл аудандағы 150 отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырады. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сол секілді жуырда ұлттық жоба аясында Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында 600 орындық мектеп құрылысы басталмақ. Абай ауылының халқы да пеш астынан күл алатын күннен арылады. Яғни, көгілдір отынның игілігін көретін күн алыс емес.
– Өздеріңізге белгілі, биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен 2024 жыл Сыр өңірінде «Руханият» жылы болып жарияланды. Жыл аясында барлық аудандарда «Руханият» орталықтарының құрылысы басталды. Жуық арада аудандағы құны 1,7 миллиард теңге болатын нысанның іргетасы қаланбақ. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін мұнда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдары біріктіріледі.
Мұнан бөлек, жуық арада Кәукей ауылында құрылыс жұмыстары толық аяқталған 100 орындық клуб пайдалануға беріледі. Оған қоса Майдакөл ауылында 100 орындық клуб құрылысы басталды. Тағы бір қуанышты жаңалық – Әйтеке би кенті мен Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарынан спорт кешендерінің құрылыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта Жалаңтөс батыр, Ғани Мұратбаев ауылдарынан да спорт кешендерін салу жоспарланды, – деді аудан әкімі М.Шермағанбет.
Былтыр ауданға қарасты Кәукей, Абай мен Бозкөл ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне берілді. Ал биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен медицина қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Қазалы ауданына 9 жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілті табысталды.
Бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, Әйтеке би кентіндегі ауданның бас қақпасы саналатын Теміржол вокзалы аумағын, вокзал жанында орналасқан Әйтеке би алаңын, Жанқожа батыр көшесінің бойынан «Руханият» скверін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ кенттегі «Орталық алаң» мен «Жеңіс» саябағын Қазалы мәдени-демалыс кешеніне айналдыру да жоспарда бар.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!