Фото: Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі

Жолдауда қамтылған басым бағыттар мемлекеттің дамуына серпін беріп, қазақ-өзбек қатынастарын одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндік ашады. Елдің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу бағытын айқындайтын маңызды құжатқа талдау жасаған өзбекстандық сарапшылардың пікірі осыған саяды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге жергілікті сарапшылар мен БАҚ өкілдері жиналды. Олар Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр бағыт бойынша көтерген ұсыныстарына тоқталып, маңызды құжаттың ел экономикасын ілгерілету мен халықаралық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін атап өтті. 

«Жолдауда айтылған кадрлық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырма маңызды мәселенің бірі. Ол кейбір саладағы маман тапшылығын шешуге бағытталған. Бұған қоса, шетелдік 20 оқу орнының филиалын ашу бастамасын жоғары бағалаймын. Бұл ретте біздің мемлекеттер ұқсас ұстанымда. Яғни, екі елде де білім саласы жан-жақты дамып, болашақ мамандықтарын меңгеруге назар аударылып келеді», – деді ӨР Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзодхон Кудратхужа.

Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысқан белгілі өзбекстандық сарапшы Равшан Назаровтың пікірінше, Қазақстандағы ауқымды реформалар қоғам өміріне елеулі өзгеріс енгізіп, нәтиже бере бастады. 

«Қазақстандағы түбегейлі әрі нәтижелі өзгерістерді аңғармау мүмкін емес. Елде «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүйелі жолға қойылып, жергілікті әкімдерді тікелей сайлау ісі сәтті жүргізіліп келеді. Бұл орайда билік пен халық арасындағы байланысты бекемдей түсу үшін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру тиімділікті арттыра түсті», – деп тоқталды ӨР Ғылым Академиясы Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаров.

Жолдауды талқылай отырып, сарапшылар құжатта қамтылған басым бағыттар қазақ-өзбек қатынастарын одан әрі нығайтуға жаңа мүмкіндік ашатынын атап өтті. Жалпы бұған дейін қалыптасқан мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі тығыз байланыс қос халық арасын жақындатып, ынтымақтастықты тереңдетуге оң ықпал етіп келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!