Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бір топ ата-ана шу шығарды. Олардың сөздеріне сенсек, қазақ бөліміне арналған 2022-2023 оқу жылындағы «Өркен» оқу грантын азайып, орыс бөліміне арналған грант санымен теңестірген. Салдарынан іріктеу тестінен жоғары ұпай жинаған балалар мектепке қабылданбаған. Мемлекеттік тілдің жағдайын ойлау керек деген ата-аналар мектеп әкімшілігімен кездесіпті, бірақ мардымды жауап ала алмаған. Stan.kz тілшісі елордалық ата-аналардың шағымын тыңдап көрді.
Ата-аналар 2021-2022 оқу жылына дейін Халықаралық бакалавриат бағытындағы мектепте қазақ бөлімі үшін 96 грант бөлініп келгенін айтады. Алайда биыл грант санын 75-ке дейін азайтып тастаған.
«Балалар мектепке 7-сыныпта тестілеуден өтіп қабылданады. Бұған дейін қазақ бөліміне 96 грант бөлінетін. Биыл грант саны орыс бөлімімен теңестірліп, 75-ке дейін азайды. Бірақ емтиханды қазақ тілінде 938 бала, ал орыс тілінде 700-ден аса бала тапсырыпты. Тест нәтижесі бойынша қазақ тілінде тапсырғандардың ұпайы салыстырмалы түрде жоғары. Ұпай жоғары болғандықтан, мектепке қабылданғанымызға сенімді болдық. Кейін биыл грант саны едәуір аз екенін білдік. Мектеп басшылығы орын жетпегендіктен, бір сыныпты қысқартқанын мәлімдеді. “Балалар жылында” грант қосудың орнына балаларды білім алу мүмкіндігінен айырды», – деп қосты Асыл Карипхан.
Мектеп басшылығы ата-аналарға балаларын орыс бөліміне ауыстыруға кеңес берген. Егер оқушылардың жинаған балы жоғары болса, олар еш кедергісіз қабылданатынын айтыпты.
«Біз тағы бір қазақ сыныбын ашып беруді сұраймыз. Өйткені балаларға, мемлекеттік тілге қолдау көрсетілмей отыр. Қажетсіз шараларға қыруар қаржы бөлгенше, балалардың біліміне инвестиция құйған жөн. Егер еш нәтиже шықпаса, министрге хат жазамамыз», – деді ол.
Гүлдана Тасмағамбетова – 5 баланың анасы. Оның сөзінше, баласы грант санының аздығынан Назарбаев зияткерлік мектебіне түсе алмай қалған. Қазір әйел баласының жағдайына алаңдайды, себебі бұл жағдайдан кейін оқушы қаймығып қалған.
«Қазір баламның ешкіммен сөйлескісі келмейді. Мұндай жағдай барлығының басынан өтіп жатыр. Олардың суицид жасамауына кім кепіл? «Балалар жылы» тек сөзінде қалды. Түптеп келгенде, мәселе менің баламның оқуға қабылданбауында емес. Мен қазақ бөліміне арналған грант көбейсе деймін. Алайда мектеп басшылығы өзіміз зекіп берді, мардымды жауап алмадық», – деп қосты ол.
Ата-аналар грант санының азаюын қазақ тіліне жасалған қастандық деп есептейді. Олар балалардың мемлекеттік тілде оқуына тиісті жағдай жасалмады деп ашынады.
«Халықаралық бакалавриат бағыты бойынша мектеп Нұр-Сұлтанда ғана бар. Мұнда ең білімді деген балалар түседі. Қазір қазақ бөліміне тапсыратындардың саны өскен, ал грант азайды. Талапкерлер көбейсе, грант саны да өсу керек емес пе? Елдігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін алдымен мемлекеттік тілден бастау қажет деп есептеймін», – деп аяқтады Гүлдана Тасмағамбетова.
Мәселе бойынша оқу-ағарту министрлігі пікір білдірді. Ведомство өкілдері Назарбаев зияткерлік мектебінің дербес мекеме екенін, сондықтан грант бөлісу ісіне араласпайтынын мәлімдеді.
“Сәйкесінше, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, Қамқоршылық кеңесі шешеді. Түсіндіретін бір ғана мәселе бар. Дәлірек айтқанда, министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы екені тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сыныптарға қабылдау, сыныптарды жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ. Сондықтан төраға қызметі қайта қаралады. Негізгі шешімдерді қабылдайтын адамдар конкурс комиссиясына төрағалық етуі керек”, – деді Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті бас сарапшысы Маяемиров Ерлан.
Аталған жағдай бойынша Stan.kz тілшісі Назарбаев зияткерлік мектебінің сұрау хатын жолдаған еді. Білім ордасының өкілдері гранттарды бөлу кезінде негізгі 4 фактор есепке алынғанын сө етті.
“Олар 12-сынып түлектерінің саны, мектептердің жобалық қуаты, оқыту тілдеріне сәйкес кешенді тестілеу қорытындыларының балдары, өңірлердегі қазақ және орыс тілдерінде оқитын 6-сынып оқушыларының арақатынасы. Ұлттық білім беру жүйесінің деректеріне сәйкес Нұр-Сұлтандағы 6-сынып бойынша оқыту тілдерінің арақатынасы 1:1, сондықтан сыныптардың саны бірдей”, – деді НЗМ басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева.
Ол мектептердегі білім алушылар мен тәрбиеленушілер санының нысанның жобалық сыйымдылығынан аспау керегін атап өтті.
“Биыл мектепті 128 түлек бітірді: қазақ тілінде 3 сынып (65 оқушы) және орыс тілінде 3 сынып (63 оқушы). Тиісінше 7-сыныпқа арналған гранттар былай бөлінді: қазақ тіліне 3 сынып (75 оқушы) және орыс тілінде 3 сынып (75 оқушы). Бөлінген гранттар саны түлектер санынан асып түсті”, – деп қосты О.Можаева.
Мектеп басшылығы ұсынған мәліметке сәйкес, оқу кабинеттерінің жеткіліксіздігінен Нұр-Сұлтандағы халықаралық Бакалавриат мектебінде сыныптар санын ұлғайту мүмкін емес екен.
“Оқыту тілдеріне сәйкес гранттарды бөлу өңірдегі 6-сынып оқушыларының оқыту тілдерінің арақатынасына негізделеді. Халықаралық Бакалавриат мектебінде қазақ және орыс тілдерінде оқитын үміткерлердің балдары шамамен бірдей”, – деп түсіндірді Ольга Можаева.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілді 7 сыныбына емтихан тапсырған оқушылардың ата-аналары наразылыққа шыққан еді. Айтуларынша, биыл қазақ, орыс сыныптарына грант саны жүз-жүзден тең бөлінген. Әйтсе де, қазақ сыныбына 1483 бала үмітті болса, ал орыс тілінде тест тапсырғандардың саны – 695 оқушы. Сәйкесінше, қазақ тобында 1 грантқа 15 оқушы таласады, ал орыс сыныбындағы оқу гранты үшін – 7 бала үміткер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!