Мәжілісте «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама» туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Интернет пайдаланушылар жарнама контентін арнайы белгімен таңбалауға міндеттелуі мүмкін.
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарына «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама» туралы» заң жобасын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов мәлім етті.
«Біріншіден, тұжырымдамалық ақпаратты өзектендіру. Бұл жерде әлеуметтік желілердің субъектілеріне және сол саладағы бірнеше терминге нақты анықтамалар, түсініктемелер беріледі. Екіншіден, онлайн платформа иелеріне қойылатын талаптарды қарастыру. Яғни, қазақ тіліндегі контентті модерациялау, монетизациялау, онтерфейсті қазақ тіліне аудару мәселелері. Үшіншіден, интернеттегі жарнама саласын экономикалық тұрғыда қарастыру. Төртіншіден, мазмұнға қойылатын талаптар. Енді бұл заң жобасын бірінші кезекте қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыруға онлайн платформалардағы тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге өз ықпалын береді деп есептейміз. Сондай-ақ, жарнама контентін орналастыратын пайдаланушылардың жарнаманы таңбалау қажеттілігіне ерекше мән беріледі», – деді ол.
Департамент директоры онлайн жарнаманы реттеу бағытындағы халықаралық тәжірибеге тоқталды.
«Қазіргі таңда халықаралық тәжірибедегі бір-екі мәселені атап өтсек. Германияда 2018 жылы қабылданған заң бойынша 2 миллионнан астам жазылушысы бар медиа платформар зиянды ақпаратты жоюға міндеттелген. 2022 жылдың 23 сәуірінде Еуроодаққа қатысушы елдер қабылдаған заңнама бойынша шағым беру, өтініштерді қарау, контентті модерациялау және онлайн жарнама тетіктеріне көзделген әлеуметтік желілер алгоритмдерін белгілеу көзделген», – деді Қайнар Ахметов.
Оның айтуынша, бүгінде 12 млн қазақстандық құрылғымен интернетке қол жеткізе алады.
«Интернеттің енуі – 85,9 пайыз. Қазақстандағы 13 млн 800 мың адам әлеуметтік желі пайдаланушысы болады. Бұл – Қазақстан халқының 70 пайызынан астам. Facebook желісінде 2 млн 300 мың адам, Instagram-да 11 млн 75 мың адам, TikTok-та 7 млн 26 мың қолданушы бар деген мәлімет жүр», – деді министрлік өкілі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!