Фото: Еңбек министрлігі

1 шілдедегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 820 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі — ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 562 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 340 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады — тиісінше олар 4 060 және 1 167 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 874 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 817 адам тартылды.

— Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 882 жұмыс беруші бар. Оларда 352 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% — ы, — делінген хабараламада.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында — 5 160 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы — 2 902 адам, тау — кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу — 1 347 адам, өңдеу өнеркәсібі — 1 178 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай — 5 463 адам, Өзбекстан — 2 477 адам, Үндістан — 1 097 адам, Түркия — 1 071 адам.

— Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды, — деп жазды ведомстводан.

Министрлік 2029 жылға дейін 3,3 млн адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұрғанын мәлімдеген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!