Іnbusiness.kz. Оны сандардан да байқаймыз, мәселен, 2015 жылы ел бұл мақсатқа 69,3 млрд теңге бөлсе, 2025 жылы 240,2 млрд теңге қарастырған. Яғни, 10 жыл аралықта 3 еседен астам өскен.
Бірақ бұл өсімді жеткіліксіз деп атауға негіз бар. Мысалы, дамыған елдер ғылымға жалпы ішкі өнімінің 2-4 пайызын, ал инновациялық көшбасшылар 6 пайызын жұмсайды. Мемлекеттен бөлек, ірі компаниялар да осы іске ынталы. Біздегі көрсеткіш ше? Қазақстанның салаға құйған ақшасы жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына да жетпейді. Егер ғылым бойынша дамыған елдермен иық тіресемін десе, 2 пайыздық межемен есептегеннің өзінде, кемі 30 трлн теңгеден аса қаржы жұмсауы тиіс еді. Өйткені былтыр елдің жалпы ішкі өнімі 159 трлн теңгені құрады.
Бір қызығы, елімізде ең соңғы рет ғылымға бөлінген қаржы 1990 жылы ең жоғары межеде болып, ЖІӨ-нің 0,82 пайызына жетіпті. Негізі Ғылым және жоғары білімді дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ғылымға бөлінетін қаражаттың үлесін ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткізу 2029 жылға межеленген. Оған бар болғаны 3 жыл уақыт қалғанын ескеру керек.
Қазақстанда ғылым екі негізгі бағыт бойынша қаржыландырылады. Ғылымды мемлекеттік қолдау тетіктері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң негізінде реттеледі. Заңға сәйкес, ғылыми жобалар гранттық және бағдарламалық-нысаналы жолмен қаржыландырылады.
Сонымен, халықаралық тәжірибеде ғылыми-технологиялық дамудың басты индикаторы ретінде ішкі ҒЗТКЖ шығындарының жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі қолданылатынын айттық. Негізі бізде ғылымға жұмсалған қаржының 76,9 пайызын, яғни, 3/4 бөлігін мемлекеттің өзі өтейді. Бірақ ірі кәсіпорындар мен бизнестің қызығушылығы тым төмен.
Ғылым комитетінің дерегінше, қаржы тек зертханалық зерттеулермен шектелмей, нақты секторға енгізіліп жатыр екен. Өнеркәсіп пен тау-кен металлургия кешенінде ғылыми нәтижелер технологиялық процестерді жетілдіруге және ресурстарды тиімді пайдалануға жұмсалған. Энергетика саласында электр стансаларын жаңғырту мен басқару жүйелерін цифрландыруға қолданылса, агроөнеркәсіп кешенінде егіншілік пен мал шаруашылығын цифрландыруға, су және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталып отыр.
Ал денсаулық сақтау саласында диагностикалау әдістерін жетілдіру, телемедицина элементтерін енгізу, медициналық басқару жүйелерін дамыту бойынша ғылыми әзірлемелер пайдаланылған.
Ғылым дегенде, оны қоғамдық өмірден тыс зерттеулермен өлшеуге болмайды. Әр зерттеу мен жаңалық адам өміріне пайдасын тигізуге тиіс. Яғни, табыс әкеліп, экономикаға қызмет етуі керек. Дәл осы тұста қазақстандық ғылымның тосырқайтыны рас. Ал ғалымдар мемлекет бөлген қаржының игілігін көріп жатыр ма?
– Постдокторантурада «Жас ғалым» бағдарламасы аясында 3 жылға 10 миллион теңге қаражат бөлінеді. Бұл қаражат кезең-кезеңге бөлініп беріледі. Жалақы секілді ай сайын алып отыруға да болады. Десе де, ғылыми жобаларды атқаруға қатаң талаптар қойылады. Әрбір іс-әрекетті күнтізбелік жоспарға сәйкес орындауың қажет. Мысалы, ғылыми мақала шығарту қажет болса, ол дәл сол белгіленген мерзімде шығу керек. Ал уақытылы шықпай жатса, айыппұл төлеуге тура келеді. Меніңше, постдокторантураның жас ғалымдарға берер көмегі көп. Ғылыми дәрежесін қорғай алмай жүрген жас ғалымдар ғылыми ортадан алыстамайды. Сондай-ақ ғылыми жобаны орындаушылар жоғары оқу орнында 0,5 кредитпен сабақ бере алады, – дейді PhD, постдокторант Сымбат Сәрсембаева.
Енді есепке жүгінейік, жас ғалымның 3 жылдық еңбегіне 10 млн теңге өтелсе, айына 277,7 мың теңгеден келеді деген сөз. Бұл қаражат басқа іске алаңдамай, бар күшін ғылымға жұмсауға тиіс азаматқа жеткілікті ме, оны әркім өзі бағамдай жатар. Ал біздің көзқарасымыз бойынша, жеткіліксіз секілді. Сондықтан мақала басында сөз еткеніміздей, сала қаржысын ЖІӨ мөлшерінің 1-2 пайызына теңестіретін уақыт жеткендей.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
