Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл пікірді Мемлекет басшысы атыраулықтармен кездесу жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек.
Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынғанын еске салды. Бірақ, бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек.
«Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек.
Мұхтар Әуезовтің«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», – деді Мемлекет басшысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!